Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен «Өнегелі әже» облыстық байқауы – ұлттың алтын діңгегі саналатын ақ жаулықты аналарымызды ұлықтаған тағылымды шара болды.
Отбасындағы тәрбие мен бірліктің, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауына айналған әжелер бұл байқауда ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұмыт бола бастаған халық мұраларын қайта жаңғыртты. Солардың ішінде Исатай ауданының атынан қатысқан қамысқалалық Рахметова Батима әжеміз көрерменнің де, қазылар алқасының да жүрегін жаулап, байқаудың І орын иегері атанды.
Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар отбасын бейнебаян арқылы таныстырса, екінші кезеңде әжелер ұлттық өнер мен дәстүрді паш етті: бесік жырын айтып, ертегі өріп, ұлттық тағамның қадір-қасиетін жеткізіп, қолөнер бұйымдарын таныстырды. Әр кезеңде терең тәрбиелік мән жатыр. Осы байқау арқылы әжелеріміздің ауыздан-ауызға жалғасқан даналық сөзі, шеберлігі, тұрмыс-салтпен байланысты рухани қазыналары ұрпақ жадында жаңғырды.
–– Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. «Анаға қарап – қыз өсер, әкеге қарап – ұл өсер» дейді дана халқымыз. Біз көрген тәрбие – ұрпағымызға қалдырған ең асыл мұрамыз. Қазіргі жастар жаңа заманның көшімен алға ілгерілеп келеді, алайда салт-дәстүр мен әже тәрбиесі ешқашан ескірмейді. Сол себепті де мен өз өнегемді, білгенімді, көргенімді, жүрекпен түйгенімді сахнада көрсетуге тырыстым.Сахнаға шыққанда өзімді бүкіл аналардың, әжелердің аманатын арқалап тұрғандай сезіндім. Бұл – менің ғана емес, менің анамнан, әжемнен үйренген өнегенің көрінісі.Бүгінгі бала – ертеңгі ел иесі. Егер біз оларға түзу тәрбие берсек, ұлттық болмыстан ажыратпасақ, тамырын тереңге жайған бәйтеректей боламыз. Сондықтан әрбір әже – бір мектеп, әрбір шежіре – бір кітап. Осы жолы менің өмірімдегі көптен бері ішінде жатқан шын жүрек үнімді көпшілікке жеткізуге мүмкіндік туды. Ең бастысы – осы өнеге жастарға жол болсын,-дейді Батима Рахметова тебірене.
Исатайдың иісі даласынан шыққан ақ жаулықты ананың бұл жеңісі – тек бір ауданның емес, ұлттың рухани жеңісі десек, артық емес.