Жасыл алаңда тек доп емес, рух пен жігер де қатар ойнады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Исатай ауданында ұйымдастырылған шағын футбол турнирі жас спортшылар үшін әдеттегі жарыс емес, елжандылық пен табандылықтың мектебіне айналды. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, жасөспірімдер жеңіске деген құлшыныс пен командалық бірліктің не екенін көрсетті. «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранын ту еткен турнир Исатай ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі және «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының бастамасымен өтті. Жарысқа 2013-2014 және 2016-2017 жылы туылған балалардан құралған командалар қатысты. Мұндағы мақсат – жасөспірімдерді зиянды әдеттерден аулақ ұстап, спортқа баулу, достық пен бірлікті нығайту.
Аталған додаға Мақат, Қызылқоға, Махамбет аудандары, Жанбай БЖСМ, Махамбет БЖДШДК, Аққыстау орта мектебі және «Барыс» спорт клубының жас спортшылары қатысты. Бұл – Атырау облысының әр түкпірінен келген өрендердің басын қосқан, шын мәнінде ауқымды әрі маңызы терең жарыс болды.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы мен аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Жанихан Жүржаниұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жасыл алаңдағы жарыстың нәтижесі де, жеңімпаздары да жарқын ойын өрнегімен есте қалды. 2013-2014 жылы туғандар арасында «Барыс» спорт клубының шеберлігі қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады – команда бірінші орынды иеленді. Олардың ізін ала намысты қолдан бермеген Мақат ауданы екінші орыннан көрінсе, үшінші орынға табандылықпен таласқан Қызылқоға ауданы тұрақтады.
Бұл санаттағы жеке ойыншылар да ерекше ойын мәнерімен көзге түсті. Шабуыл шебінде алда жүріп, қарсылас қақпасын бірнеше мәрте дәл көздеген Жақсылық Арсен (Қызылқоға) — үздік шабуылшы атағына лайық деп танылды. Аққыстау қақпасын берік күзеткен Ерланұлы Медеттің шапшаңдығы мен шеберлігі үздік қақпашы атағын әперсе, Мақаттық Беркін Қайсардың сенімді қорғанысы оның үздік қорғаушы атануына негіз болды. Ал «Барыс» сапынан шыққан Меңдігерей Нұргелдінің ойын өрнегі – дәлдік, көшбасшылық және шеберлік үйлесімі – оны турнирдің үздік ойыншысы деңгейіне көтерді.
Ал 2016-2017 жылы туғандар додасында да шеберлік пен ынта өзара үйлесіп, нағыз жарыс рухы байқалды. Бұл топта Мақат ауданы ешкімге дес бермей, бас жүлдені еншіледі. «Барыс» екінші орынды қанағат тұтса, үздік үштікті Махамбет ауданы түйіндеді.
Жеке шеберлігімен көзге түскен ойыншылардың қатарында Мақаттың қос бірдей үміттісі – қорғаныстағы сенімді тірек Маратұлы Мансур мен орта алаңда ойын ырғағын шебер үйлестірген Тасболат Сартай үздік қорғаушы және үздік ойыншы атанды. Қақпада қырағылық танытқан Махамбет ауданының өкілі Абдолла Бекарыс пен «Барыстың» шапшаң шабуылшысы Ғарифолла Арсылан да өз санатында үздік деп танылып, лайықты марапатқа ие болды.
Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубоктар, медальдар мен дипломдар табысталды. Алайда бұл турнирдің басты жетістігі марапатпен өлшенбейді. Бұл – жас буынның бойына отансүйгіштік пен табандылықты дарытқан, командамен ойнаудың, жеңіске бірге жетудің, жеңілісті де бірге қабылдаудың не екенін үйреткен алаң болды.
Бүгін алаңда көзге түскен балалар — ертеңгі үлкен спорттың өкілдері, болашақ чемпиондар. Осындай жарыстар арқылы олардың сенімі бекиді, алға қойған мақсаты айқындала түседі. Жасыл алаңда басталған жарыс – олардың спорт жолындағы алғашқы үлкен қадамы, ал ең басты жеңіс – өзіне деген сенім мен елге деген сүйіспеншіліктің нығаюы.