Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев Исатай ауданында болып, құм өңіріндегі қыстақтарды аралап, аудан шаруаларының жай-күйімен танысты.
Облыстық басқарма басшысы Қайрат Нұрлыбаев, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов, учаскелік полиция Жеңіс Қуанышқалиевтардан құралған топпен бірге Айбас құмындағы малшылармен кездесіп қайттық. Басқарма басшысының жоспарына сай ұйымдастырылған жұмыс сапары екі күнге созылды.
– Ауданда мал санында өсім бар. Мәселен, жылына жылқы малы 10-12 пайызға, қойда 1,5, 2 пайыз, сиыр малында 3, 4 пайыз өсім байқалады. Жалпы байқағанымыз, құм өңірінде мал өсіруге қолайлы жерлердің мол екеніне көз жеткіздік. Қуаңшылықтан шөптің аз болуы әсер еткенмен, әр шаруа өзіне қажетті мал азығын жинап алып жатыр екен. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде шаруалардың жағдайы әжептәуір түзелген, осыған дейін үкімет тарапынан субсидияланып, панельдер алынып берілді, 50-ге тарта шаруагер өз ынталарымен интернет желісін тартып алған, - дейді басқарма басшысы Қайрат Нұрлыбаев.
Қазір қырдағы елдің ең басты мәселесі су болып отыр. Оған да қатысты пікір білдірген басшы бұл түйткілдің күн тәртібінде тұрғандығын жеткізді. – Сумен каналдарды қамту әлі де өткір күйінде қалуда. Нарын каналында су бар, айдың аяғында тағы жіберілетін болады. Жалпы аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттар жасақталған. Бүгінде қаржыға сұраныс беріліп жатыр. Бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешіледі деген ойдамын, - деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қыста қардың, жазда жауын-шашынның аз болуы себепті жер асты суы деңгейінің де төмендеп кеткендігін айтып өтті. - Құмға әрірек барғанымызда судың деңгейі жақсы екенін көрдік, дегенмен, кейбір жерлерде су тапшылығы байқалып отыр. Оған жер асты суын қаздыру жұмыстары ұйымдастырылады деп ойлаймын. Бұл жұмыспен айналысатын арнайы мекемелер бар, солармен байланыс орнатып, мәселені шешуге тырысамыз, - деді басқарма басшысы.
Сапар барысында шаруалар да өздерін толғандыратын сауалдарын жолдады. Оларға тұшымды жауап берген басқарма басшысы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға арналған жаңа жобалармен таныстырды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ