Осыдан үш жыл бұрын елімізде «24 қазан – Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесінің белгіленуі кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру ғана емес, кітапханашыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен құрметтің белгісі де болды.
Оқырмандарын кітап атты қымбат қазынаның терең сырына үңілтетін, асыл ой қазынасын ұсынатын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде бүгінгі күнде 1 аудандық кітапхана, 1 аудандық балалар кітапханасы және 16 ауылдық кітапхана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Онда 26 маман кітапханашы мен бөлім қызметкерлері еңбек етеді. Жалпы 218 538 дана кітап қоры болса, оның ішінде мемлекеттік тілде -157 003 дана. 8000-ға жуық оқырманға әртүрлі саладағы әдебиеттер таратылуда. Жарты ғасырға жуық тарихы бар аталған жүйеге қарасты кітапханаларда соңғы жылдары жаңа технологияларды қолдану кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтырып, рухани құндылықтарымызды молайтуға мүмкіндік береді. Заман талабы да осыны міндеттейді. Соңғы кезеңдерде шалғай ауылдағы 7 кітапханаға моноблок (компьютердің ерекше түрі) алынып берілсе, аудандық балалар кітапханасына интерактивті панель орнатылды. Ал аудан кітапханасына проектор аспабы алынды. Сонымен қатар материалдық базаны жақсартуда 5 532 800 теңгенің су жаңа мүліктері алынуда. Бұндай заманауи дүниелер сайып келгенде әрбір кітапханашыға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың қызметінің жаңашылдықпен жақсы ұйымдастырылуына үлкен әсер етіп қана қоймай, оқырман қызығушылығының оянуына септігі мол болары даусыз.
Әрине, әр бөлім қызметкерлерінің түпкі мақсаты - оқырман талабынан шыға білу, сұранысын дер кезінде қамтамасыз ету. Мәселен, З.Нұралықызы мен М.Орынбасарқызы қызмет қылатын кітаптарды жинақтау және толықтыру бөлімі кітапханаға түскен жаңа кітаптарды арнайы компьютерлік бағдарлама бойынша есепке алумен қатар, кітапханалық өңделумен қамтамасыз етеді. «Каталогизатор» модулінде кітаптардың библиографиялық сипаттарын жүйеге енгізіп, әдебиеттерді электронды каталогқа құю арқылы жұмыс жасайды. Бұл кітаптар дер кезінде аудандық кітапхана мен барлық ауылдық кітапханаларға таратылады. Жыл соңында мазмұны ескірген және тозығы жеткен кітаптар кітапханалар есебінен шығысталады. Ал әдістеме-библиография бөліміндегі қызметкерлер М.Наубетқызы мен Ж.Жауынбайқызы кітапханаларға әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсете отырып, кітапханалардың қызметін талдап және жоспарлау жұмыстарын жүргізеді. Орталық кітапхананың әдістемелік жұмысы жоспарланып, есептерді, статистикалық көрсеткіштерді сараптайды. Сонымен қатар жыл көлемінде жүйенің өзге құрылымдық бөлімшелерімен іскерлік байланысты жүзеге асырады, «Рабис» бағдарламасы бойынша өлкетану әдебиеттерін құяды. Ал оқырмандар бөлімі, аты айтып тұрғандай, оларға сапалы қызмет көрсетеді. Бұл бөлімдегі қызметкерлер Т.Серікқызы мен А.Салауатқызының басты мақсаты - барлық деңгейдегі пайдаланушыларға ақпарат беру, талаптарын тез және сапалы орындау. Оқырмандардың оқуға және кітапқа деген қызығушылығын арттыруда көпшілік іс-шаралар ұйымдастырады. Осы орайда бір ауылда бір өздері әдіскер әрі кітапханашы болумен дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуына қалтқысыз қызмет атқарып жүрген 16 ауылдық кітапханашы еңбегі ұшан-теңіз екендігін айтсақ артық болмас.
Бүгінгі кітапхана қызметінде көптеген өзгерістер бар. Әр шараны қызықты өткізуде заманауи технологияны пайдалану үрдіске айналуда. Мысалы, жасанды интелекттің жетістіктерін қолдану қызметі қазіргі таңда кең қанат жаюын, «Жастар практикасы» жобасымен жүрген Ақтоты қызымыздың мобилография ісін қолға алуын және басқаларын айтуға болады. Соңғы кездері кеңінен таралып келе жатқан жұмыс бағыты - кітапханалық жобалар мен бағдарламалар бойынша қызмет түрлері басым бағытта. Жобалық тұжырымдамаларының негізін қалайтындар – кітапхана ісінің басқару саясатына жаңа көзқарас, жаңа әдістермен ақпаратқа қол жеткізу мақсатында жүргізетін іс -шаралар. Осы мақсатта биылғы жылы аудан кітапханалары ішінде «Еңбек –елдің мұраты», «Туған жерге тағзым», «Әжемнің ертегісі», т.б жобалар аясында көптеген шаралар қолға алынуда. Мұнымен қоса соңғы жылдары әдебиетімізді насихаттауда қолға алынған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «KitapTime» жалпы республикалық кітап фестивалі, «100 кітап - ұлттық сауалнамасы», «Бір ел- бір кітап», «Бір өлке –бір жазушы» акциясы, «Масат», «Сырласу» клубтарының шаралары барлық кітапханаларда ұйымдастырылуда.
Сайып келгенде, іс-шаралардың мақсаты - кітап оқуды кеңінен насихаттау, кітап оқу мәдениетін көтеру, тұрғындарды кітапханаларға тарту және оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, рухани интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын»дегендей, аудандағы 18 кітапханада еңбек ететін мереке иелері туралы әңгіме қозғай қалсақ ұзаққа созылары анық. Дегенмен қызмет барысында бірі жаңашылдығымен, бірі іс-қағаздарды жүргізуде ұқыптылығымен, бірі шараны көркемдеу қабілетімен танылып жүрген кітапханашыларымызбен қатар, осы сан-сапат қызметті ұйымдастыруда ерінбей қызметтеніп келе жатқан басшы - С.Көбейқызының да еңбегін атап өткен лазым.
Әр кітапханашыға заман талабына сай өз білімін толықтырып отыру, ізденіс қажеттілігі оқырмандарды рухани азықпен қамтуда «дәлелденбейтін теорема» екені ақиқат. Осы орайда мамандар біліктілігін арттыруда 3 кітапханашы ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен Каталогизатор мектебінен дәрістер мен тәжірибелік оқу-үйрету курсының «WEB- RABIS бағдарламасы» бойынша іс-тәжірибеден өтсе, Г.Ниғымашева, З.Хайырова сынды кітапханашыларымыз облыс деңгейінде өткен байқауға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Ал балалар кітапханасының қызметкері А.Құрасова облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Мамандығым - мақтанышым» сайысына қатысып, жоғары жетістігімен көрінді. Сондай-ақ, аудандық кітапхананың әдіскер, библиограф мамандары республикалық «Жаңа технологиялар - кітапхана ісіндегі жаңа мүмкіндіктер» іскерлік кездесуіне қатысты. Ал аудандық деңгейде «Кітапханашы психолог, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі», «Кітапханашы - маман», басқа да тренигтер, куиз ойындары ұйымдастырылды.
Кітапхана жұмысында озық іс-тәжірибені пайдалану, түйінді мәселелерді зерттеп-зерделеу, жаңа ақпараттық технологияларды қолдану, заманауи әдіс-тәсілдерді кітапхана жұмысында пайдалану, технология қарыштап дамыған заманда оқырманды кітапханаға тарту, кітапханашылар арасында өз тәжірибесімен бөлісу сынды жұмыстар нәтижесі өткен жыл қорытындысында әріптестеріміздің бірнешеуінің түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болуы болса керек. Айталық, С.Көбейқызы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Алғыс хатымен», Т.Дүйсекешова, А.Құрасова облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Алғыс хатымен», сондай-ақ үсіміздегі жылы зейнеткерлікке шығып жатқан ардагер кітапханашыларымыз М.Смадиярова мен А.Қайрекенова Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Иә, қоғам дамып, технология өрлеген сайын кітапханашының да ролі жаңарып келеді. Уақыт тынысын сезіне білетін, жаңаға ұмтыла жүретін, ақпарат ағынында адаспас жол нұсқайтын заманауи тұлғалар – кітапханашылар еңбегі жана берсін демекпін.
Маусым ТУЛЕУИШОВА,
аудандық орталық кітапхана библиографы


