Аққыстау ауылының теміржол мөлтек ауданындағы балалардың көптен күткен арманы орындалды. Маусым айының алғашқы күнінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, бұл шағын аудан тұрғындарының тілегі ақиқатқа айналып, жаңа ойын алаңы салтанатты түрде ашылды. Тұрғындардың жыл сайынғы өтінішіне құлақ түрген жергілікті билік бұл жолы сөзден іске көшіп, теміржолшылар мекеніне шаттық сыйлады.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі, ауылдық округ депутаты мен ардагерлер, Аққыстау ауылдық округі әкімшілігінің өкілдері қатысып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасты. Ашылу салтанатында балалар асыр салып ойнап, тәттілер мен сыйлықтарға кенелсе, ата-аналар алғысын жасырмады.
– Мынау теміржол мөлтек ауданынан ашылып отырған ойын алаңы – балаларымыз үшін үлкен қуаныш. Түрлі ойыншықтармен жабдықталған алаңша – болашағымыздың амандығы үшін жасалып жатқан игі іс. Ауылдық округке, мердігер ұжымға, осы іске атсалысқан барша азаматқа аналық алғысымды айтамын. Ұрпақ қызығын көрейік, балаларымыздың күлкісі көп болсын,-деді мөлтек аудан тұрғыны Надя Шолтырова.
Жоба жергілікті бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылған. Құны 14 700 000 теңгені құрайтын нысанды жеке кәсіпкер Мейіржан Құрмет жетекшілік ететін «ЖК Құрмет» мердігер мекемесі толықтай талапқа сай етіп салған. 9 түрлі ойын құрылғысымен жабдықталған алаңшаның табанына балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы резиналық крошка төселген. Сондай-ақ ата-аналар үшін орындықтар орнатылған. Алаңның лентасын ауыл ардагерлері қиып, шашу шашылып, балаларға тәттілер таратылды. Тұрғындар кәсіпкерге алғыстарын айтып, аудан әкімі мен округ әкімдігіне жылы лебіздерін жеткізді. Балаларға қуаныш сыйлаған игі істер мұнымен шектелмеді. Дәл осы мереке қарсаңында Қамысқала ауылдық округінің Ұзаққали Сабыров көшесінде де жаңа ойын алаңы ашылып, балғындар шаттыққа бөленді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл алаң да ауыл балаларының қауіпсіз әрі еркін ойнауына мол мүмкіндік беріп отыр.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА