Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан газеті» басылымына берген сұхбаты – бүгінгі қоғамның рухани ахуалына, ойлау мәдениетіне қатысты маңызды мәселелерді көтерген мазмұнды әрі салмақты әңгіме болды. Мемлекет басшысының баспасөзді үзбей оқитынын, газет-журналдарға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын ашық айтуы – ақпарат тұтыну мәдениетіне қойылған нақты талап деп қабылдауға болады.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы ретінде бұл сұхбаттан бір анық ой түйдім: елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, ең алдымен, азаматтардың ойлау деңгейімен, оқуға, талдауға деген қабілетімен өлшенеді. Президенттің дәстүрлі баспасөзге айрықша мән беруі – кездейсоқ емес. Бұл – қоғамды үстірт пікірден, асығыс қорытындыдан сақтайтын, терең ойға жетелейтін бағыт.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желі ақпарат таратуда алдыңғы қатарға шыққаны рас. Алайда жылдамдық әрдайым сапаны алмастыра алмайды. Үзік-үзік, тек эмоцияға құрылған мәліметтер адамның сараптау, салыстыру, ой елегінен өткізу қабілетін әлсірететіні жасырын емес. Ал газет-журнал – жауапкершілігі жоғары, сүзгіден өткен ақпарат көзі. Ол оқырманды ойлануға, мәселенің мәніне үңілуге, өз ұстанымын қалыптастыруға үйретеді. Осы тұрғыдан алғанда, баспасөз – тек ақпарат таратушы емес, қоғамдық сана қалыптастыратын маңызды институт.
Президент сұхбатында айтылған ойлар жергілікті деңгейде де ерекше маңызға ие. Аудан, ауыл тұрғындарының ақпаратты қайдан алып, қалай қабылдап жүргені – ертеңгі қоғамдық пікірдің айнасы. Қоғамдық кеңес ретінде біз де ел ішіндегі өзекті мәселелердің сауатты талқылануына, азаматтардың саналы көзқарасының қалыптасуына мүдделіміз. Ол үшін сапалы журналистикаға, кәсіби баспасөзге сүйену – басты шарт.
Бұл сұхбат журналистер қауымына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр жазылған сөз, әр көтерілген тақырып – қоғамның ойлау деңгейіне тікелей әсер етеді. Ал оқырман үшін бұл – ақпаратты таңдаудағы жауапкершілікті күшейтуге шақыру. Өйткені оқитын ел ғана ойлай алады, ал ойлайтын ел ғана алға басады.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысының ұстанымы – қоғамды тереңдікке, байыптылыққа, рухани кемелдікке бастайтын нақты бағдар деп білемін.
Самат ЕСЕНОВ,
Исатай аудандық қоғамдық кеңес төрағасы


