Адам үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Оның ішінде тіс саулығы – өмір сапасын жақсартатын ең маңызды фактордың бірі. Себебі күлімсірегенде көрінетін аппақ тіс – тек сұлулықтың емес, денсаулықтың айнасы. Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің 2024–2028 жылдарға арналған білім беру ұйымдарында стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинеттерін ашу және олардың жұмысын ұйымдастыру бойынша бірлескен бұйрығы негізінде еліміз мектептерінде жаңа стоматологиялық кабинеттер ашылуда. Сол игі бастаманың бірі – Мектеп-гимназияда жүзеге асты. Мұнда «Болашаққа сау тіспен» атты ұранмен стоматологиялық кабинет салтанатты түрде ашылып, оқушылар үшін жаңа мүмкіндік есігін айқара ашты.
Ашылу рәсімінде алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақұлына берілді.
– «Болашаққа сау тіспен» ұраны – жай ғана айтылған сөз емес, денсаулыққа деген ортақ жауапкершіліктің, болашаққа деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Балалардың тіс саулығын қорғау – олардың ертеңгі өмір сапасын жақсартудың маңызды қадамы. Өйткені сау тіс – тек жарқын күлкі мен сенімді келбет қана емес, ол дұрыс тамақтанудың, жалпы денсаулықтың кепілі. Бүгінгі ашылып отырған стоматологиялық кабинет – ауданымыздың жас ұрпағына жасалған зор қолдау, олардың денсаулығына салынған нақты инвестиция,-деді ол.
Бұл лебіз жиналғандар тарапынан қолдау тауып, шараны ресми оқиға ғана емес, балаларға деген қамқорлықтың айқын белгісіне айналдырды.
Иә, расында да тіс саулығы – кейінге қалдыруға болмайтын мәселе. Оны мектеп жасынан бастап қалыптастыру – әр ата-ананың ғана емес, қоғамның да ортақ міндеті. Осы ретте Атырау облыстық балалар стоматологиясының директорының орынбасары Күлаш Болатбекқызы сөз алды.
– Баланың кішкентайынан тіс күтіміне мән беруі – болашақта стоматологиялық аурулардың азаюына жол ашады. Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің ашылуы – осы мақсатқа қол жеткізудің үлкен мүмкіндігі. Біз балаларға дұрыс тіс тазалау дағдысын үйретіп қана қоймай, денсаулығына бейжай қарамауға тәрбиелейміз. Жаңа кабинет заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылып, оқушылардың алғашқы медициналық көмек алуына және профилактикалық тексеруден өтуіне мүмкіндік береді. Мұнда балалардың тіс саулығын сақтауға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілмек.,-деді ол.
Жаңа кабинетте балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіліп, тіс күтімінің негізгі қағидалары үйретілмек. Бұл – тек бүгінгі емес, келешектің қамы. Өйткені сау тіс – дұрыс тамақтанудың, сенімді қарым-қатынастың, ең бастысы, өмір сапасының кепілі. «Болашаққа сау тіспен» ұраны шын мәнінде әрбір адамның бойына жауапкершілік пен мәдениетті қалыптастырады. Стоматологиялық мәдениет – қоғамдағы салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі әрі балалардың күлкісін жарқын, денсаулығын мықты етуге бағытталған игі бастаманың бастауы ғана.
Жайна МАНСҰР