Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген еді. Ұлттың рухани азығы болып табылатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше. Иә, қанша жыл, тіпті қанша ғасыр өтсе де, асыл кітаптарымыз біздің құнды дүниеміз болып қала бермек. Өткен ұрпақ пен келешек ұрпақ та тек кітап нәрімен сусындап, білім алатыны анық. Еліміздің әр аудан және ауылдық округтерде асыл мұрамызға толы кітапхана саны да жетерлік. Сондай-ақ сол кітапхана ішіне көрік беріп, қалың оқырманын қуана қарсы алатын кітапханашыларсыз кітапхананы елестету мүмкін емес. Бүгінгі өскелең жастарды білімге шақыру жолында ол кісілердің еңбегі ерен. Осыған орай Жанбай ауылдық кітапханасының меңгерушісі болып, жемісті еңбек етіп келе жатқан Тынай Орынтасқызына жолығып, бүгінгі руханият өзегі саналатын кітаптың адам өмірінде қандай рөл атқаратыны туралы аз-кем әңгімелескен едік. Төменде сол кейіпкеріміз әңгіме арқауы болмақ.
Тынай Орынтасқызы бұрынғы Гурьев облысы, Балықшы ауданы, Дамбы селосында 1963 жылдың күзінде дүниеге келген. 1970-1980 жылдары осы ауданға қарасты «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектепті бітірген. Мектеп бітірген соң, «Қызыл балық» колхозында әр түрлі жұмыстар жасаған. Кейінен Гурьевтегі ауылшаруашылық техникумын мал шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген.
1988 жылы Жанбай ауылының тумасы Бағдат Төлеуішовпен отау құрып, 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген. Жанбай ауылдық кітапханасының меңгерушісі болғанға дейін кәсіпкерлік бағытта еңбек ете жүріп, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Өзінің айтуынша, кітапханашы мамандығына деген қызығушылығын тудырған ауыл кітапханасында еңбек ететін қайынсіңлісі екен. Себебі оның үйге ала келген кітаптарын үнемі оқып, танысумен қатар, көбіне кітапханадағы іс- шараларға да белсене араласып, өз үлесін қосып жүрген. Сөйтіп, 2012 жылдың қарашасында өзі ұнатқан қызметке орналасуға мүмкіндік алады. Алғашқы күннен бастап ауыл адамдарымен, жастарымен тіл табыса жөнеледі. Оған себеп, кітапхана ісінен бұрыннан хабардар болуының арқасы болса керек.
- Бірақ уақыт бір орнында тұрмайды екен. Қазір руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры. Заманның күрт өзгеруіне байланысты жаңа технологиялармен жұмыс жасау, кітапханаға оқырман тарту, жаңа үлгідегі іс- шаралар өткізу т.б міндеттерді алып жүру көп ізденуді қажет етеді. Соған қарамастан іздене жүріп, ауылдағы барлық мәдени іс-шараларға белсене араласып келемін. Қазір ауылдық мәдениет клубының жанынан құрылған «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің белсенді мүшесімін. Кітапханаға оқырмандар тартуда, мәдени шаралар өткізуде көбінесе ауыл клубы (меңгерушісі- Құралай Қапсихова), мектеп кітапханасы (кітапханашы Марина Кубашева), «Балдырған» балабақшасы қызметкерлері көп көмектеседі. Сондықтан мен үшін кітапханадағы оқырманмен өткен әрбір күн қызықты.
Кезінде ең көп оқылған кітаптардың қатарында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жиі ата- латын. Әлі күнге дейін бұл екі шығарма қолданыстан шыққан жоқ. «Менің атым Қожаны» жата-жастана оқитын жастар жетерлік. Кітапханаға келушілер осындай классикалық шығармаларды көбірекі здейді. Сондай-ақ психолог- тренерлердің кітаптары өтімді болып тұр. Менің ойымша, қоғам қазір осындай шығармаларға өте зәру секілді. Өйткені, олар өз «өмірін» өзгерткісі келеді.Ал, бүгінгі оқырман кітап оқып жүр ме, жоқ па, ол жағын таразыға салып жатпай-ақ қояйын. Бастысы, мотивациялық болсын, психологиялық болсын, қоғамға қажет шығарма оқылып жатыр . Күн сайын ауыл кітапханасынан газет-журналдар, жаңа кітаптар оқитын оқырмандар легі көбейіп келеді. Кейде белсенді оқырмандарымыз да кітапханашының барлық жұмыстарына көмектесіп, түрлі мәдени-көпшілік, танымдық- тағылымдық шаралардың өтуіне атсалысып жатады. Бұл жұмыстарға әсіресе Н.Халидоллаұлы, С.Ғұбашева, Г.Тастанбекқызы, Т.Қазбеков, З.Тулеуішева, Қ.Серікқалиев, О.Нұрмұханов, Қ.Сәменов, А.Жеткіншекқызы, К.Аманбаева секілді оқырмандарымыздың қосқан үлестері аз емес деуге болады,-дейді ол сөзінің соңында.
Аяпберген САЛИХОВ