«Атырау-Ақпарат» медиахолдингі басшысы Ы.Егембердиев газет бетіндегі сыни мақалалар төңірегінде ой қозғады.
Исатай ауданындағы оқырмандармен болған кездесуінде медиахолдинг директоры ақпарат саласындағы кейбір түйткілдерге тоқталды. - Сын жазылмай, қоғам түзелмейді. Бірақ, біз мәселеге біржақты қарамауымыз қажет. Ел Президенті Қ.Тоқаев үш нәрсеге мән берді. Олар - Еңбек, білім, әділдік. Біліммен еңбектеніп, әділдікке жүгінсек қана нәтижеге қол жеткізе аламыз. Еңбектену дегеніміз сол – тілшілердің редакция кабинетінде отырмай, жағдайды аяқтай барып көрулері, сезінулері. Сонда ғана біздің әр мақаламыз мәнді болмақ, - деді директор.
Медиахолдинг басшысы тілшілер қаңқу сөздерден аулақ болып, халыққа ресми ақпарат таратулары тиіс деген пікірін де шегелеп айтты. Газет пен сайттың ара-жігін ажыратып, тәптіштеп түсіндірген Ы.Егембердиев біреудің тағдырынан хайп іздейтін сайттарды өткір сынға алды.
- Оларға хайп пен лайк керек. Жеке адамдардың тағдырын талқыға салып, сол арқылы оқырман мен «лүпіл» жинайтын сайттар бар. Олардың бұл әрекеттеріне әдепсіздік не сауатсыздық деп баға беруге болады. Ал, газетке келсек, біз жазылған жайт арқылы қоғамдық пікір қалыптастырамыз. Түйткілді кеңінен тарқатып, тиісті деңгейде мәселе көтере аламыз. Осы ретте газеттердің жұмысын жандандыру бағытында түрлі жоспарларымыз бар. Солардың бірі ынталандыру бағытында авторларға қаламақы қарастыруды ойластырып жатырмыз, - деді ол.
Жиында мерзімді баспасөзге жазылу, ақпарат саласында заманауи технологияларды қолдану, БАҚ-тың қазіргі бағыттары мен алдағы міндеттері жөнінде сөз болды. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Ысқақ Дүйсембайұлы аймақ газеттерінің жаңа форматқа көшкендігін, басылымдарда тек сыртқы көрінісінен ғана емес, тақырыптық, мазмұны жағынан да оң өзгеріс бар екендігін атап өтті.
- Жаңа трендтерді меңгеруіміз керек. Ол үшін онлайн жазылуды қолға алғалы отырмыз. Онлайн жазылудың тиімділігі - арзандығында әрі оқырман газетті қағаз күйінде емес, телефон арқылы оқиды. Бұл бағдарлама пісіп-жетілді, қаңтардан бастап қолданысқа енеді, - деді медиахолдинг директоры. Оның айтуынша, бүгінде балама жазылуды төрт аудан бастап кеткен.
Қаламгер қос ардагер, жергілікті өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Бектенов пен Аяпберген Мұханбетов газеттердің өміршеңдігі, басылымдарға мерзімді жазылу төңірегінде құнды пікірлерімен бөлісті. Айта кетейік, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі басшысы Ы.Егембердиев, облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Назарбек Қосшиев пен Нәсіп Шалабаева Исатай аудандық әкімдігінде оқырмандармен кездескен болатын.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан қонақтарға ризашылығын білдіріп, медиахолдинг ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ