Ондыққа оқып, бонусты олжа ет!

Банк дегенде көпшіліктің ойына алдымен несие мен депозит келеді. Ал шын мәнінде банк – тек қаржы орталығы емес, қоғамның дамуына, жастардың ынталануына үлес қосатын әлеуметтік серіктес. Бұған дәлел – Halyk Bank қолға алған «Баға үшін бонус» жобасы. Бұл бағдарлама тек қаржы емес, білім арқылы табысқа жетуге жол ашып отыр.

Білімнің бағасын білгендерге, еңбектің жемісін көргісі келетін жасөспірімдерге арналған бұл жоба бойынша ай сайын еліміздің 1000 үздік оқушысы 100 000 бонустық сыйақы алады. Қатысушылар қатарына Kundelik және Bilimal жүйесі бар өңірлердің 2-11 сынып оқушылары кіреді. Тек бір шарт – сабақ үлгерімінде «10» бағалары неғұрлым көп болса, жеңіске жету мүмкіндігі соғұрлым жоғары.

Жобаның механизмі қарапайым: ата-аналар Halyk Easy картасын ашып, келісім береді, ал балалар – тек үздік оқуға тырысады. Яғни, әрбір «10» бағасы – баланың еңбегі мен ынтасының айғағы ғана емес, нақты марапатқа апаратын жол.

Осы игі бастама нәтижесінде жақында қуанышты жаңалық Исатай ауданында да естілді.
Аққыстау орта мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Рахымжанұлы Марсель «Баға үшін бонус» бағдарламасы аясында 100 000 бонус иегері атанды. Бұл – жас шәкірттің білімге деген құлшынысы мен табандылығының нақты жемісі.

Халық банкінің аудандық басқарма басшысы Болатбек Кушалиев бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп:

– Біз тек қаржы саласын дамыту емес, қоғамның келешегі саналатын жас ұрпақты ынталандыруды мақсат етеміз. Мұндай жобалар балалардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың еңбегінің еленуіне мүмкіндік береді,-деді.

Расында, бүгінгі таңда балаларды оқуға жетелеудің ең тиімді жолы – олардың жетістігін нақты марапатпен бекіту. Halyk Bank бұл тұрғыда үлгі боларлық іс жасап отыр. Білім арқылы табысқа жетуді үйрету – ертеңгі экономикалық сауатты, өз еңбегіне сенетін ұрпақтың қалыптасуына жол ашады.

Марсельдің жетістігі – ауданның ғана емес, барлық жасөспірімнің бойына серпін беретін жаңалық. Өйткені ол өз табысына адал еңбегімен, үздік оқуымен жетті.
Бір қарағанда 100 000 бонус – жай сома сияқты. Бірақ оның артында тұтас бір ұстаным бар: еңбек ет, үйрен, ізден – сонда жеңіс те, сый да сенікі!

 

Ж.МАНСҰР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT