«Өнімімізді сататын орын керек». Қамысқалалық шаруагер ұсынысын білдірді

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов және мекеменің бас маманы Қыдыр Ермұхановпен бірге аудан аумағындағы егіс алқаптарын аралап қайттық.

Бірінші болып ат басын Аққыстау ауылындағы «Сабирова» шаруа қожалығының егіс алқабына тіредік.

1

- Мал шаруашылығын өркендету жолында тер төгіп жүрген отбасылардың біріміз. Жолдасым мал шаруашылығымен қоса егінді де қолға алып, Аллаға шүкір, жемісін көріп жатырмыз. Бар мүмкіндігімізді пайдаланып, талпынғанның арқасында өз жерімізден табиғи, таза өнім алып, кәсіп қылмасақ та, ағайын-туыс, жақын жұрағатты қамтып тұрамыз. Аққыстау ауылында 3 гектар шамасында жеріміз бар. Соған жыл сайын жеміс ағаштарын отырғызып, көкөністер егеміз, - дейді шаруа қожалық мүшесі Нұрсила Сабирова апамыз.

Шаруа қожалық иесі Қанатқали Жакин алқапты аралатып, ондағы жеміс пен көкөніс түрлерімен таныстырды. Бір гектардай аумақты қамтыған егінде алма, алмұрт, өрік, анар секілді жеміс ағаштары, қияр, қызанақ, баклажан, қауын, тіпті сарымсаққа дейін егіп, олардан өнім алып отырған Қанатқали аға алдағы уақытта жеміс ағаштарын молайтып, қаратал көшеттерін де көбейткісі келетіндігін айтады. - Биылдан бастап жеміс талдарын молырақ отырғызсам деген жоспар болған. Сөйтіп, Алматы облысынан 1000 дана жеміс көшеттерін алдыратын болып, келісімге келгенбіз. Бірақ, елде індеттің таралуы себепті жос-парымыз жүзеге аспай қалды. Аты жаман аурудан құтылып, бәрі қалпына келген соң жобалап қойған жұмысымыз да жалғасар деп отырмыз, - дейді шаруа қожалық иесі.

Биылдан бастап қарқынды алма бағын кеңейтуді қолға алған аққыстаулық тұрғын Руслан Хисмаев тамшылатып суару жүйесімен 200 түп алма ағашын отырғызыпты. Биыл отырғызылған екі жасар көшеттер бұйырса, келесі жылдан бастап жеміс бермек.

«Хисимова Айгүл» шаруа қожалығына қарасты 2 гектарлық егіс алқабында да жұмыс қарқынды.

Түс ауа Х.Ерғалиев ауылына бет алдық. Қамысқала ауылдық округіндегі «Қадыров Халидолла» шаруа қожалығы Ақкүтір елді мекенінен тамшылатып суару әдісімен көлемі 2,5 гектар жерге қауын, қарбыз, қияр мен қызанақ егіпті.

1

– Барынша еңбектеніп жатырмыз. Әзірге жаман емес. Ендігісін уақыт көрсетеді, - дейді шаруа қожалық мүшесі. Қиындықтар да жоқ емес екен. Солардың біріне тоқталған Ілияс Қадыров аудан басшыларынан жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін апаруға аудан орталығынан арнайы орын белгілеп, сатуға рұқсат беруін сұрайды. - Ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер көп емес қой. Сондықтан орталықтан өнімдерімізді сатуға көмектессеңіздер екен. Қолдау болса, аудан халқына арзан бағамен өнім жеткізуге дайынбыз, - дейді ол.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов аудан бойынша биылғы егістік жұмыстарының жүргізілу барысы туралы тоқталды.

1

Оның айтуынша, аудандағы биылғы егістіктің жалпы көлемі 78 гектарды құрайды. Бұл былтырғыға қарағанда, 6 гектарға өсім бар деген сөз. - Аудан бойынша егістік жұмыстарын жүргізуге жоспарланған 78 гектар жер жыртылып, егін егу жұмыстары жүргізілді. Шаруагерлер «Каз Сушар» РМК Атырау филиалының Төменгі-Жайық өндірістік учаскесімен су алуға келісім шарт жасақтады. Олардың пайдаланған су мөлшеріне және егістік алқаптарының аумағы мен түріне қарай каналдардан алған суға төлеген шығынның 80%-на дейін субсидияланады, - деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ ол егістікте тамшылатып суару технологиясымен 4 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдарын, жаңбырлатып суару әдісімен 41 гектарға мал азықтық дақылдарын өсіру жоспарландығын айтады.

Кәсіп иелерінің ұсыныс-пікірлері аяқсыз қалмайтынын жеткізген Нұрберген Өтегенов жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға аудан орталығынан арнайы орын белгілеу мәселесін жақын арада шешуге жұмыстанатынын айтты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521