Исатай ауданында алғашқылардың қатарында қожалық құрғандардың бірі де бірегейі болған Әубәкір Исақұлов еді.
Оның үлкен ұлы Мұхсимат марқұм әкенің ісін жалғастырып, сол "Қонысбайдағы" қыстауда отыр. Негізінен сиыр, түйе түлігін өсірумен айналысатын шаруагердің тұрмысы жайлы.
Біз барғанда, зайыбы Нұрзила сауын інгендерінің кезекті сауымын өткізіп, өріске бағыттап жіберіп жүр екен, ал шаруагер азамат техникаларын науқанға әзірлеу қамында болып шықты. Техника демекші, екі трактор, бір-бірден қорапты «УАЗ», «Нива», «Приора» аталатын автокөліктері бар, шабу, жинау, тайлау агрегаттары мен үлкенді-кішілі тіркемелері өз алдына бір бөлек шаруашылықта жұмыс жеткілікті көрінді. Көбінесе өзіне көмекші ұлдың тақымында жүретін алымды мотоциклы да жоғын іздеуге, түгендеп тастауға қолайлы-ақ.
- Шаруа үшін мал азығын дайындау – басты науқан. Оны айдың аяғына қарай бастағалы отырмыз. Жүз гектардан мың дана орама пішен дайындаймыз деген есебіміз бар. Қажетімізден артылғанын ауылдастарға сатуды ұйымдастырамыз, - дейді Мұхсимат Әубәкірұлы.
Мал өнімдерінен - бал татыған шұбаты мен қаймағын тұтынушыларға сатып, дайындалған құртын да саудаға шығарып, өз еңбектерімен азық-түлік молшылығын жасауға үлестерін қосып жүрген «Қонысбайдағылардың» да бүгінгі қарекеті осында аз уақыт аялдағанымызда еріксіз риза еткен жайы бар.
Иә, жазымыз аптап ыстық болып, жеріміз қуаң тартып тұрған биылғыдай жағдайымызда шаруа баққан ауылдастың қазіргі ойлағаны – малының қыстық жемшөбі екендігі рас. Шабындықтарға шалғы түскен сәттегі бұл сапарымызда біз де оның жүру барысына үңіліп көрдік. Одан көңілге түйгеніміз – барға қанағатшыл ауылдас осы жолы да шабындықтардағы жайқалған мал азығын ұқсатып бағуға тырысуда екендігі.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР
Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ