Өткен аптада ауданымызға арнайы іссапармен келген "Үш байлық" қоғамдық бірлестігінің өкілдері қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жөнінде Тұщықұдық, Аққыстау ауылдарында семинар-тренинг өткізді.
Белгілі қоғам қайраткері, аталған бірлестік басшысы Оразгүл Асанғазы латын қарпіне көшудің маңызы мен қажеттілігі туралы, филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Әбдрахманова жазу емлесі, сөздердің айтылуы, қазақ тіліне тән емес, басы артық таңбалар жайлы түсініктер беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Оразгүл Асанғазы кез келген жаңғырудың тілден басталатынын атай келе, латын графикасына көшу мәселесінің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері көтеріліп келе жатқанын еске салды.
«1992 жылы лингвист-ғалым Әбдуәли Хайдар бастаған бір топ ғалымдар жиналып, Елбасының алдына осы мәселені қойған болатын. «Кириллицамен аты-жөніміз қате жазылып жатыр, емлеміз өзгеруде, орфоэпия, орфографиямыз өзгеріске түсті. Тәуелсіздікті шын алған болсақ, латын әліпбиіне көшейік» деді. Сонда Елбасы «Жігіттер, әріптеріңді дайындай беріңдер, әлі ерте» деген еді. Себебі, санымыз аз, жалпы халықтың ұлттық көрсеткіші 40 та 40 болдық. Елбасы содан бері, нақтырақ айтқанда, 2008 және 2012 жылдары латын әліпбиіне көшуге дайындала беруді айтты. Ал, былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ашық тапсырма берді. Санымыз жетті, енді сапамыз өзгеру үшін латын әліпбиіне қайта оралып жатырмыз» деді ол. Тіл жанашырының айтуынша, қазіргі латын графикасының үлгісі - соңғы нұсқа емес. Ғалымдар оны бірнеше сынақтан өткізеді және кемшін тұстарын түзетеді. «Латын графикасына қатысты ғалымдардың оңды ұсынысы болса, әлі де өзгеріс енгізуге болады. Сонымен қоса, ұсыныс білдіру үшін ғалым болу шарт емес, жұмыс тобы латын қарпіне қатысты кез келген адамның ұсыныстарына құлақ асады», - деді Оразгүл Асанғазы.
Еске сала кетсек, қазіргі қолданыстағы әліпбиді латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрт арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Біріншісі - орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін). Екіншісі - әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін). Үшіншісі - терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін). Төртіншісі - сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін). Жұмыс топтарына тіл білімі саласының кәсіби мамандары да тартылатын болады.
Аслан МҰРАТҰЛЫ.