Жерлесіміз Исмагулов Шамғу 1900 жылы (кейбір әскери құжаттарда 1901 жылы деп жазылған) кейінірек кеңес үкіметі кезінде Бегайдар ауылдық кеңесі аталған құмды жерде дүниеге келген. Есейіп, ержетіп, отбасылы болып, екі ұл мен бір қыздың әкесі атанып, ел қатарлы «Бірлік» колхозында еңбек етіп жүргенінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, 1942 жылдың 6 қаңтарында ауыл азаматтарымен бірге Гурьев қаласынан майданға аттанды.
Бірнеше ай бойына алғашқы әскери дайындықтан өткесін, 1942 жылдың 25 тамызынан бастап Ленин орденді 52-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында Белгород, Харьков, Невель бағытындағы майдандарда көптеген шайқастарға қатынасты. Сол шайқастарда 1943 жылдың 5 қыркүйегі және 26 қарашасында жау оғынан екі рет жарақат да алды, бірақ госпитальге бармастан әскери бөлімдегі медсанбатта емделіп, қайтадан қатарға қосылды.
Негізі атамыздың дене бітімі ірі, өзі қарулы болған сияқты. Себебі, командирлері салмағы біршама болатын станокты пулеметті сеніп тапсырып, қаза тапқанға дейін пулеметші болып, соның құлағында ойнаған екен. Ғаламтордан іздестіріп қарасам, ол пулеметтің өз салмағы 15 килодай, сүйрейтін екі дөңгелегі және ұстайтынымен бәрін қосқанда 40-қа жақындайды екен. Шәкең сол қаруымен аталған майдандарда жауды жайратудың шебері болыпты.
1944 жылдың қаңтарында қазіргі Псков облысының Аксюхново селосы маңындағы шайқаста мықты бекінген жаудың қорғанысын бұзып, талқандауда ерекше ерлік көрсеткен. Өзінің пулеметімен қаруластарының алдына шығып, фашистердің оқ шашып атқылаған екі пулемет нүктесін 20 шақты офицер-солдатымен бірге жойып, жолдастарына жол ашып, ұрысты жеңіспен аяқтауға мүмкіндік жасаған.
Исмагулов Шамғудың бұл ерлігіне куә болған 151-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Юдич сол күні-ақ жерлесімізді «Қызыл Ту» орденімен наградтау туралы ұсынысын дивизия басшылығына, ал олар жоғарыға, яғни 6-гвардиялық Армия басшылығына жолдапты.
Әскери стратегиялық жағынан өте маңызды аймақтағы бұл жеңіске байланысты әйгілі әскери генерал, Сталиннің өзі «шабуылдаушы генерал» деп құрметпен атаған 6-гвардиялық Армияның қолбасшысы, кейінірек Кеңес Одағының Батыры атағын алған гвардия генерал-лейтенанты И.М.Чистяковтың 1944 жылғы 21 қаңтарындағы №46/н бұйрығымен, ішінде Исмагулов Шамғу да бар, барлығы 26 адам жоғары дәрежелі ордендермен наградталады. Ордендердің арнайы заңмен белгіленген мәртебелері бойынша айтсақ – ең жоғарғысы «Қызыл Ту», сосын «Александр Невский», «Отан соғысы» және «Даңқ» ордендері. Аталған қолбасшының сол бұйрығының басында 6-шы болып тұрған жерлесіміз «Қызыл Ту» орденімен наградталды.
Алайда Исмагулов Шамғу, 3 айдан соң, 1944 жылдың 27 сәуірінде Псков облысы, Пушкиногорский ауданының Стречное көлі маңындағы 54.4 биіктігі үшін кескілескен қанды шайқаста қаза тапқан. Қаза болғаны туралы хабарлама (халық арасында «қара қағаз» деп аталатын) қағаз әйелі Нақатқа жолданған. Денесі сол ауданға қарасты Чертово гора деревнясындағы 4760 кеңес жауынгерімен бірге №60-430/2014 Бауырластар зиратында жерленген, ресми құжаттағы тізімде 4628-ші болып тіркелген.
Соғыстан соң 1947 жылы інісі Исмагулов Ғалымжан Новобогат аудандық әскери комиссариаты арқылы ағасының хабарын іздеген екен, «хабарсыз кетті» деген жауап келіпті. Сөйтіп, жары Нақат, інісі Ғалымжан, балалары Мұханбет пен Нүрес батырдың жерленген жері жайлы да, алған жоғары наградасы туралы да білместен өмірден өтіп кетті. Екі ұлынан оншақты ұрпақ өрбіді, отбасылы, үлкені зейнеткерлік демалыста, қалғандары еңбек етуде. Шәкең соғысқа аттанғанда жаңадан тәй-тәй басып жүрген, әкесінің бейнесі мүлдем есінде қалмаған жалғыз қызы Ғинаж жеңгеміздің өзі қазір 85-ке келді, Тұщықұдық ауылында жары, марқұм Алпан ағамыздың кезінде Боқсақ өзенінің арғы бетінде өз қолымен салған қара шаңырағында кенжесі Мейрамбек пен келіні Анаргүлдің қолында, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере-жиендерінің сүйікті де бақытты әжесі. Денсаулығына байланысты алыс жолға, әке бейітіне барып, дұғасын оқып, бір уыс топырақ сала алмаса да, екі ағасының ұрпақтары аталарының басына баруына, әкелерінің армандап кеткен аманатын орындауына тілектес.
Мәскеудегі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің кадрлар басқармасына туған қызының атынан атамыздың наградасына сұраныс жібергем. Ресей Федерациясы Президентінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі №1099 Жарлығымен бекіген «Ресей Федерациясының мемлекеттік наградалары туралы» Ережеге сәйкес награда тек иесіне ғана беріледі екен, ал иесі қаза тапқан жағдайда жары мен ұрпақтарына орден-медаль емес, тек наградталғаны жөніндегі Президент Жарлығы ғана берілуі тиіс. Әрине, оның өзі де әкенің көзіндей көңілге медеу болар естелік, жұбаныш болар еді. Бұл жердегі бір мәселе орденмен наградтау туралы ұсыныста да, шыққан бұйрықта да ұлты басқа штаб қызметкерінің кінәсінен жерлес батырдың тегі мен аты «Исмаилов Шамгай» деп қате жазылған, бірақ шақырылған әскери комиссариат атауы дұрыс. Мұның тек аласапыран соғыс кезіндегі жіберілген грамматикалық қате ғана екенін барынша түсіндіріп жаздым және соны министрліктегілер дұрыс түсінеді деп сенемін.
Еркін ЖҰМАЖАНОВ,
Аққыстау ауылы