ОРКЕСТРДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАЛҒЫН ДИРИЖЕР

 

Жаздың алғашқы күні табиғаттың өзі балғын балалықты жырлап тұрғандай. Күн шуағы мейірімге толы, самал желі нәзік алақандай, аспан  шардай қиялдарға толы бала көңіліндей мөлдір. Осы күні жер жүзінің әр бұрышында бүлдіршіндерге арналған ән шырқалып, алуан түсті шарлар аспанға көтеріледі. Себебі бала – бұл ұлттың мәңгілігінің кепілі. Оның күлкісі – тыныштықтың үні, оның сенімі – бейбіт болашақтың баспалдағы. Сол себепті де әрбір баланың құқығы мен бақыты – мемлекет пен қоғамның назарында. Бүгінгі таңда Қазақстан балалықтың бейбіт аралын сақтап қалу жолында ауқымды қадамдар жасап келеді, дәлірек айтсақ,  инклюзивті білім, ерте даму бағдарламалары, психологиялық қолдау, қауіпсіз орта құру – мұның бәрі баланың еркін де жарқын өсуі үшін жасалып жатқан игі істер.

Міне, дәл осы күннің шуақты сәтінде біз оқырмандарымызды ел ықыласына бөленіп, ғаламтордың жарық жұлдызына айналған, жүректерге нұр сепкен кішкентай кейіпкермен таныстырғымыз келеді. Ол небәрі бес жастағы дирижер, өнерге ғашық жүрек – Ясина Нәбен. Тұщықұдық ауылының «Құлыншақ» бөбекжайында тәрбиеленуші бүлдіршін өзінің шынайы талантымен талай жанды тәнті етіп жүр. Оның оркестр алдында шабытпен сермелеген кішкентай қолдары  өнерге деген махаббаттың шынайы көрінісі. Жуырда Ясина облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтің  арнайы жеке қабылдауында болып, Қазақстан Республикасының Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваның Алғыс хатын алды. Ал бұл өнердің еш жас талғамайтынын дәлелдеген, арманына ерте қанат қаққан кішкентай жүректің үлкен жеңісі еді.

 

 

Оның  музыкаға деген махаббаты 2 жасынан байқалып, кейіннен оркестр  қатарына қосылғанда одан әрі арта түскен.

Бүгінде кейіпкеріміз «Еркем-ай» оркестрінде дирижер болып өнер көрсетеді. Әрбір қимылы, қолмен жасаған қозғалысы – нағыз шабыт көзіне айналған.

– Ясина біздің «Еркем-ай» оркестр ансамбліне небәрі үш жасында келіп қосылды. Музыкаға деген ерекше қабілетін алғаш болып ата-анасы байқаған. Әлі тілі енді-енді шығып келе жатқан екі жасар бүлдіршін теледидардан қазақ әні естілсе болды, әуенмен бірге қосылып, әннің сөзін де тез жаттап, ырғақпен шырқай жөнелетін. Дегенмен, көз тимесін деп, бұл қасиетін ата-анасы сыртқа жария етпей, өз іштерінде ұстаған. Кейінірек балабақшадағы тәрбиешілері Ясинаның бойындағы музыкалық дарынды байқаған соң, менің алдыма алып келді. Ашық айту керек, басында мен де «ойын баласы ғой» деп мән бермей, жай ғана бақылап жүрдім. Алайда көп ұзамай көзім жетті – Ясинаның бойында нағыз өнер иесіне тән тереңдік бар. Біздің «Еркем-ай» ансамблі жыл сайын «Айгөлек» фестиваліне қатысып, жүлдемен оралып жүретін ұжым. Бұл ортада Ясина да өзін көрсете білді. Әдетте балаларды дайындыққа толыққанды баптап шығару үшін 2-3 ай уақытымыз кетеді. Бірде дайындық кезінде балалардың бірі: «Апай, Ясина сіздің жүріс-тұрысыңызды айнытпай салады» деп қалды. Қызығушылығым оянып, Ясинаны дирижер орнына қойып, өзім сырттай бақылап, видеоға түсіріп көрдім. Көргеніме сенер-сенбесімді білмедім – ол оркестрді тура менің қозғалыстарыма сай, ырғақ пен екпінді дәл тауып, басқарды. Бір бағытты қате жібермей, барлық ишарасы музыкамен үндесіп тұрды. Сол сәтте ішімнен бір шешімге келдім: оркестрдің кішкентай дирижері Ясина болуға әбден лайық! Алғашқы рет сахнаға шыққанда еш қобалжыған жоқ. Керісінше, өзіне деген сеніммен оркестрге жетекшілік етіп, кішкентай болса да, үлкен рухпен өнер көрсетті. Ол – музыканы тек тыңдап қана қоймай, жүрегімен сезіне алатын, сирек кездесетін бала, - дейді сүйікті шәкірті туралы толқи әңгімелеген ұстазы Шұға Жантұрғанқызы.

Алайда жетекшісі үшін бір өкініштісі, Ясина биыл балабақшаны тәмамдайды екен. Оның болашағына үлкен сенім артқан жетекшісі ата-анасына түрлі бағыт-бағдар беріп, әрі қарай оның бойындағы ұшқынды дамытуға тілектестігін білдірген.

Өнерлі бүлдіршін Тұщықұдық ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген, үйдің ортаншы қызы.Әкесі Зейнеден Әнесов мамандығы мұнайшы болса, анасы Ғайни Жанатаева мамандығы қаржыгер, қазіргі таңда бала күтімімен үйде отыр. Анасының айтуынша, Ясина ән айтқанды, түрлі аспаптардың үнін тыңдағанды ұнатады екен. Бірақ ең сүйіктісі – дирижер болу. Ол балабақшаның үлкен залында кішкентай достарымен бірге дайындық жасап, түрлі мерекелік іс-шараларда, мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсетіп жүр. Музыка әуені басталған сәттен-ақ Ясинаның жүзі ерекше нұрланады. Қазақта «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген бар.

Дирижер қыз  сахна төрінде тұрғанда, көзіндегі от пен қол қимылы оның тегін бірден аңғартатын. Әрбір нотаны жүрегімен сезініп, оркестрді шеберлікпен басқарған сәтінде көпшілік оның бойында ерекше бір құдіреттің бар екенін байқайтын. Бұл құдірет, анасының айтуынша, оған үлкен атасы мен нағашы атасынан дарыған.

 

 

Үлкен атасы – кезінде домбырамен өлең айтып, жанына серік еткен, ал нағашы атасы – әуезді әнімен талайдың жүрегін елжіреткен танымал әнші, гитарист болған. Солардан қалған өнер оты Ясинаның жүрегінде жалынға айналған. Анасы қызына қарап отырып:

— Оның бойыңдағы бұл өнер жайдан-жай келген жоқ деп ойлаймыз. Ол – ата-бабасының аманаты. Теледидардан Шәмші Қалдыаяқовтың «Құстар» әні қосылса, ерекше шабытпен тебіренетін. Біз қазақ халқы сондай ырымшылмыз ғой. Көпке дейін жасырын ұстадық. Алайда балабақшадағы Айнұр апайы  мен Гүлмира апайы Ясина бойындағы қабілетті байқады. Содан 3-4 жасқа дейін оркестр құрамында болып, көптеген іс-шараларға қатысып, бақ сынап жүрді. Уақыт өте қызымыздың ынтасы ашылып, шыңдала түскеніне көзіміз де жетті. «Бұлақ көрсен, көзің аш» дегендей апайлары қолдау білдіріп, соның арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Ал қызымыздың өнер атау-лысына жақын болуы қос атасынан келген өнер десе де болады. Естуімше, ең үлкен Әнес Батырханов есімді атамыз домбыра тартып, өлең айтқан десіп жатады. Ал өзім Жылой ауданының тумасымын. Менің әкем де яғни Ясинаның нағашы атасы Қойшыбай Жанатаев өнерге бір табан жақын болған.Бас гитарист болып, гастрольдік сапармен жиі концерттерге шығатын. Міне, бүгінгі күні қызымыздың сол бойдағы ерекше дарындығы, қасиеті аталарынан дарыса керек, -дейді мақтанышпен.

Ясинаның ата-анасы үшін дирижерлік тек кәсіп емес, ол – атадан балаға жалғасқан рухтың үнсіз тілінде сөйлеу. Әр репетиция, әр концерт – сол ұлы мұраны тірілтудің бір сәті десек артық айтпағанымыз шығар.

Осылайша Халықаралық балаларды қорғау күні – әр баланың өмір сүру, ойнау, армандау, өнер көрсету құқығын еске салатын маңызды күн. Ясина сияқты балаларға шабыт сыйлау, олардың қабілетін дамыту – үлкендердің бас-ты міндеті. Қоғам балаларға тек бір күн емес, әркез назар аударуы тиіс. Себебі бала – болашақтың үні. Ясинаның бала қиялы бір күні үлкен сахнада нағыз оркестрге дирижерлік етуге жетелейтініне үміт зор. Оның кішкентай жүрегі үлкен арманмен соғады. Ал біз, ересектер, сол армандарға жол ашуымыз қажет. Өйткені әр бала – баға жетпес қазына, ал олардың күлкісі – әлемдегі ең асыл үн.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT