Орталықтың 10 жылдығына орай волейболдан бәсекеге түсті

Исатай аудандық жастар ресурстық орталығының 10 жылдық мерейтойы мен 12 тамыз Жастар күніне орай аудан  және Атыраудан   арнайы келген жастардың арасында MIX форматтағы волейболдан ашық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан: «Өркениет өріне құлаш ұрып отырған елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру - басты мәселе. Әрбір қазақстандық, оның ішінде, жастар осындай спорттың бұқаралығын насихаттайтын жарыстарға қатысу арқылы өздерінің денсаулықтарын шынықтырулары қажет», – деп жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, ауданның спорт саласындағы жеткен жетістіктер легі де толассыз. Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар топқа бөлініп, тартысты ойын сағат таңертеңгі 10-00-де бастау алып, кешкі уақыт 23-00-ге дейін жалғасты. Бабы мен бағы келіскен «АГУ» (Атырау қаласы) құрама командасы кәсіби шеберліктерін танытты. Сондай-ақ, айтулы «Жанбай жастары» (Жанбай ауылы )командасы жақсы ойын өрнегімен көзге түсті.

Сонымен қатар олардың арасында үздік ойындары үшін ерекшеленген Дидар Тасболатов (Jas Star» команда), Динара Асанқызы (АГУ командасы) доп додасында көрермендер көзайымына айналып, оларға арнайы сыйлық табысталды.

«Сөре бар жерде, мәре бар» демекші, жарыста 8 команданың ішінде дара шыққан «АГУ» (Атырау) командасы бірінші орынды еншіледі. Екінші орынды Атырау қаласынан келген «Атырау» командасы қанжығасына байласа, үшінші орынды «Жанбай жастары» командасы қанағат тұтты. Одан да өзге,  көзге түсе білген ойыншыларға да жеке номинациялар табысталды. Олар  Амандық Болатов - «Үздік қорғаушы», Назерке Талғат - «Үздік жалғаушы», Айбек Маратов «Үздік ойыншы» атанып, марапатталды.

                                                                                                           

Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT