Атырау облысында Жастар жылына орай бірнеше жобалар жүзеге асырылып келеді.
Солардың бірі - облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен Жастар қызметкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Жастар ісі академиясы» жобасы.
Жобада қала және аудандардағы жастар ресурстық орталығының басшылары мен мамандары тамыз айынан бері оқытылуда. Олардың басты бағыты – жастар арасында қолдау тапқан бастамаларды қолдау. Үш ай ішінде үш рет бір апталық семинарға қатысып келген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ринат Есқали мен орталық маманы Ұлжан Өтегенқызы өздеріне берілген тапсырманы орындау барысында аудан жастарының бастамаларын қолдауға арналған «Серпін» жобасын қолға алған. Аталған семинар тренинг кеше басталды. Оған 20 жас қатысуда.
Үш күнге созылатын тренингте олар жастарға жобаны түсіндіру, олардың қоғамдағы рөлін анықтау, жаңа жобаларды жоспарлау мен оларды қорғау, жүзеге асыру жолдарын қарастырады. Орталық басшысының айтуынша алдағы аптада «Жастар ісі академиясы» жобасының соңғы семинары өтеді, сонда осы үш күндік жобаны қорғау міндеттелген.
Анаргүл Құсайынова