«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халық қалаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтың бастамасымен «Қайта оралған құмаршық» күніне орай Атырау қаласында үлкен шара ұйымдастырылды.
Онда аудандардан арнайы қатысушылар келіп, құмаршықтың тағамдық қасиетін ашып, жиналғандарға таныстырды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған депутат Сәрсенбай Еңсегенов: - Қазақ елінің батыс өңірінің тұрғындары үшін құмаршық өсімдігінің орны ерекше. Көне заманнан өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін құмаршық тағам ретінде пайдаланылды. Соның ішінде ашаршылық, 1941-1945 жылдардағы соғыс уақыты мен соғыстан кейінгі ауыр жылдарда қыр халқының тіршілігі үшін құмаршық аса маңызды орын алған. Қазақстанның тек батысындағы құмдарда ғана өсетін осы құнарлы азық түрі ұмытылып барады. Соған орай шараны осы аймақта ұйымдастырып, алға қарай да 1-қараша күнін құмаршық күні ретінде белгілеуді ұсынамын және алдағы уақытта «Атырау-Астрахан» тас жолының бойына құмаршыққа арналған ескерткіш орнатуды қолға алып жатырмын, - деді ол, жиналғандарға рахметін айтып.
«Елсана» руханият клубымен бірлесе қолға алынған шара қорытындысы, әділқазы алқасының ұйғарымымен қамысқалалық Орынғали Ибрайымов отбасы бірінші орынды 150 мың теңге байрағымен ұтып алды. Шараға Тұщықұдық ауылдық округінен қатысқан Сәлімжан Каримовтың де отбасын атап кеткен жөн. Олар да қазақы нақышта киініп, диірменін тартып, құмаршық қауызын ала барып, көпті таңғалдырды.
Өзге де жүлделі орындарды көршілес аудандар бөлісті. Қатысқан отбасылардың бәріне де ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар сыйға тартылды.
Анаргүл Құсайынова