ОСК ТӨРАҒАСЫ НҰРЛАН ӘБДІРОВ ИСАТАЙ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Алдағы қараша айының бесінші жұлдызында республикада аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтеді.  Пилоттық режимде қолға алынған саяси дода елімізде үш қала мен 42 ауданда ұйымдастырылады. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі әкімдер халықтың тікелей таңдауымен сайланады. Исатай ауданының да әкімі  5 қарашада халықтың таңдауымен сайланбақ. Осыған орай  Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы  ауданымызға арнайы іссапармен келді. 

Іссапар Қамысқала ауылынан бастау алды. Мәдениет үйінде Нұрлан Әбдіров тұрғындармен кездесіп, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденованың ауыл әкімі боп сайланғаннан кейінгі атқарған жұмыстарымен танысып, тұрғындардың сөзіне құлақ түрді. Сөйлеушілердің басым бөлігі ауыл әкімінің жұмыстарына риза екенін жеткізді.Төраға  Р.Әнуарбекқызынан тағайындалған әкім мен халық таңдаған әкім арасындағы айырмашылықты сұрап, пікір алмасты.

- Иә ауылымызда халықтың жағдайын жасайтын  әлеуметтік нысандар мен  инфроқұрылымдар бар. Қысқаша айтқанда, өзіміздің тыныс-тіршілігімізге ризамыз. Жалпы, сіздің ауданымызға ат басын бұрудағы мақсатыңыз алғаш рет өтетін аудан әкімін сайлау науқанының жұмыстарымен және халық сайлаған ауыл әкімдерінің жұмыстарымен танысу. Меніңше, бұған дейінгі әкім мен қазіргі сайланған ауыл әкімінің жұмыстарында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Себебі, бюджет мәселесі. Қазіргі уақытта жергілікті салықтар әкімге түседі. Бірақ ол, әрине, жыртықты жамауға жетпейтіні жасырын емес. Ал әкімнің қолынан келетін жұмыс - халықтың бабын тауып, жағдайын жасау. 

Ауылдың жағдайына келер болсақ, жеріміз өте тозып кеткен. Оған экология мен түрлі факторлар себеп. Жер тозғаннан кейін ауыл тұрғындары төрт түлік мал басын көбейтіп, егіні мен бау-бақшасын өсіріп,әрмен қарай өз-өздерін жетілдіріп кете алмай отыр. Әрине, мемлекеттің ұйытқы болуымен жұмыс жасап жатқан шаруалар бар. Дегенмен, бұның бәрі сайып келгенде жеткіліксіз. Өйткені каналдар тартылып, құрғап барады. Су болмағанда, жердің нуы болмағанда, ауыл тұрғындары үшін өз кәсібін дөңгелету аса қиын бола бермек. Ал ауылдағы осындай белең алып тұрған белді мәселелердің түйінін шешейін десе ауыл әкімнің қолы қысқа.

Сондықтан, менің ұсынысым, халық сайлаған ауыл әкімінің қолына бюджет берілуі керек деп ойлаймын. Бюджет берілсе, Р.Әнуарбекқызының білімі мен сауаты және өмірлік тәжірибесі жететініне күмәніміз жоқ. Әр сайланған әкім іркілмей, өз жұмысын жасауы үшін оған экономикалық негіз бен үкімет тарапынан көмек беріліп, ауыл не аудан әкімі болсын оларға дербестік берілуі керек-ақ. Сонда ғана жұмыс өнімділігі болатынына сенімдімін,-деген ауыл тұрғыны, зейнеткер Бекболат Мусин өз ұсыныс-пікірін жолдады. Бұл пікірмен жиналған ауыл тұрғындары да келісетіндерін  жеткізді.

Қамысқала ауылында өткен жиыннан соң Нұрлан Мәжитұлы ат басын аудан орталығы Аққыстау ауылына бұрып, ауданның белсенді жастарымен жүздесті. Әуелі сайлаудың қазіргі және бұрынғы тәртібін тілге тиек етіп, кейін еркін түрде жастармен сыр-сұхбат жүргізді.

Жастар сайлауға байланысты түрлі сауалдар мен ұсыныстарын ортаға салды. Сайлауға барша тұрғынның қатысуы үшін айыппұл міндеттелсе және сайлауға халықтың қатысу қарқындылығын көбейтуі үшін онлайн форматта өтсе деген сынды көптеген сұрақтар мен пікірлер жастар тарапынан қойылды. Нұрлан Мәжитұлы барлық сұраққа заң шеңберінде жауап беріп, кейбір ұсыныстарды түртіп алғанын да жеткізді.

Содан соң іссапар аудандық «Жалын» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Төраға, алдымен, аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, саяси партиялар, сайлауды жарықтандыратын БАҚ өкілдері, электоралды жаттықтырушылар, мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен байқаушылардың  қатысуымен семинар-кеңес өткізді. Жиында аудан әкімі, аудандық полиция, прокуратура басшылары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушылар тізімін жасақтау, сайлауды ұйымдастыру, оның ішінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерін қолжетімді ету үшін қажетті шараларды қабылдау, сайлау бюллетеньдерін учаскелерге уақытылы жеткізу және басқа да маңызды мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Сонымен қатар төраға баяндамашыларға сұрақтар қойып, тиісті жауап та алды. Жалпы аудан бойынша халық саны 27 286 болса, сайлаушы саны 15 979-ды құрайды.  Ал 15 сайлау учаскесі бойынша барлық жағдайдың бақылауда екені де жиын барысында  жеткізілді.  Ауданның сайлау алды жұмыстарымен толыққанды танысқан Нұрлан Мәжитұлы аудан әкімінің сайлауына сақадай-сай екенін тілге тиек етіп, атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанатындығын жеткізді.

Сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған каскадтық әдіс бойынша оқыту семинары өткізілді. Жергілікті сайлауды ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинарлары аясында «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны ұйымдастырылды. Дауыс беру күнінің барлық кезеңдері қарастырылды. Сондай-ақ, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, дауыс беру күні туындайтын стандартты емес жағдайлар туралы кейс тапсырмалары ойнатылып, оларды шешу әдістері түсіндірілді.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суретке түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521