Маңғыстау облысының адвокаттар алқасының адвокаты Айбек Cүйіндіков Орталық сайлау комиссиясының жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңымен және өзінің профильдік ережелеріне сәйкес жұмысын атқарады. Яғни комиссия сайлауға үміткер ретінде тіркеуді немесе тіркеуден бас тарту жөніндегі мәселелерді қарайды, - дейді маман.
Адвокат аталған конституциялық заңның талаптарына сәйкес, егер кандидат немесе оны ұсынған қоғамдық бірлестік орталық сайлау комиссиясы қабылдаған шешіммен келіспей, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына қатысты шағымы болса, он күн ішінде Жоғарғы Сотқа шағымдануға толық құқығы барын атап өтті.
Жоғарғы Сот шағымды он күн ішінде қарайды және шешімі түпкілікті болады. Осыған байланысты, егер бүгінгі таңда, тіркеуден өтпеген кандидаттарда немесе оларды ұсынған қоғамдық бірлестіктерде Жоғарғы Соттың шешімі болмаса, Орталық сайлау комиссиясының әрекеттері және шешімі заңды деп танылады, - дейді Айбек Сүйіндіков.
Сондай-ақ адвокат Орталық сайлау комиссиясының жұмысына әзірге риза екенін жеткізді.
Мен адвокат ретінде Президент сайлауына қатысты Орталық сайлау комиссиясының жұмысына әзірге ризамын. Себебі олар әрбір атқарған жұмыстарының нәтижелерін өздерінің ресми сайтында және БАҚ арқылы жария етіп, ашық түрде жұмыс атқарып жатыр, - деді маман.
сурет ашық дереккөз