Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш болып саналады. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.Соның ішінде Мемлекеттік Ұлттық ұланның құрамына ілігу тіптен бөлек! Оған бойшаң, келбеті келісті, бұйрыққа бағынатын, тәртіпті бұзбай жүре алатын,сайдың серке тасындай іріктелген жігіттер ғана таңдап алынады. Бірақта, сынақтан сүрінбей өтетіндер қатары аз. Бұл құрам несімен ерекше және бұл қатарға қосылу үшін қайтпек керек?Осы орайда Жаңаөзен қаласындағы «5548» әскери бөлімде отан алдындағы борышын өтеп келген аққыстаулық Әлихан Қайратұлы Байменовпен тілдескен едік. Сол сыр-сұхбатты назардарыңызға ұсынып отырмыз.
-Отан алдындағы борышты өтеу -әр азаматтың мойына жүктелген борышы десе де болады.Осы орайда сіз алдымен өзіңіз туралы айта отырып,әскерге барудың мән-мазмұны туралы толығырақ баяндап берсеңіз?
-Отан қорғау- әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы деп білемін.Жалпы, мен осы туып-өскен жерім Аққыстау ауылы.Ес кіріп,саналы азамат ретінде Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі ойға оралатын. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп кейінгі ұрпаққа өшпес өсиет қалдырды. Бұл өсиет әр сарбаздың көкейге түйетін қағидасына айналуы тиіс. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың жарқырауы да – жас ұландарға байланысты. Әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгі боларымыз анық. Көп жерде өзімнен кейінгі іні буындар маған қызыға қарап,сарбаз ретінде өзіңізге кезіккен түрлі қызықты оқиғаларды бөлісуді сұрайды. Барынша жастардың баруына себепші болып, сарбаздарға жасалған жақсы жағдаяттар бар екенін құлағдар етемін. Әскери борышты өтеу –жігіттер үшін үлкен сын. Сол сыннан сынбай, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралу- бұл да бір үлкен жеңіс десе де болады.
-Сіз барған Жаңаөзен қаласындағы әскери бөлімнің ерекшелігі неде, жағдайы қалай екен?
-Ұлттық ұлан сарбаздарына мол жауапкершілік жүктелген. Жоғарыда айтып өткенімдей, медициналық тексеріс кезінде аудан бойынша көп жастар бұл құрамға іліге алмады. Атырау облысы бойынша 17 бала болып, қабылдандық. Бұл «5548» әскери бөлімде сарбаздар аптасына 120 сағат тынбай дайындалады. Енді бұл кез келген жауынгер орындауы тиіс әрі міндетті.Айта кетерлігі,бұл жерде сарбаздың бойы 175 см кем болмауы қажет. Сапта шатаспай жүру үшін ұзақ тәжірибе қажет етеді. Бастапқы кезде бір ай қару ұстап, нысананы көздеп үйрендік. Біздер таңғы сағат 6-да, ал жексенбі күні сәл кешіректеу оянамыз.Ұйқыдан тұра сала, жаттығу жасаймыз. Алдымен үлкен стадионды бір рет айналып шығамыз. Кейін бұлшық еттерді қыздырамыз.Саптық адымды толық үйренбейінше, келесі дайындыққа көшпейді. Бір ғана адам қателік жіберсе, қайтадан бәрін кері бастауға тура келеді. Сондықтан, «Бәріміз біріміз үшін,біріміз бәріміз үшін» деген ортақ қағидат қалыптасқан. Саптық дайындық сарбаздарды тәртіпке үйрететін жаттығулардың бірі десем болады. Бұдан бөлек біздер көше тыныштығын қарап,күзететін болдық. Жалпылама айтқанда, армия маған осындай ерекшелігімен ұнады. Жағдай бәрі жасалған, тағамдары да тәуір! Егер маған тағы да әскерге шақырту келсе,ойланбастан барар едім.
-Соңғы жылдары әскери бөлімдерде болып жатқан түрлі оқиғалар туралы не айтар едіңіз? Сондай оқиғаның куәгері болдыңыз ба?
-Ия, расымен де осындай оқиғалар соңғы жылдары көптеп кездесіп жатады. Көзбен көрмесекте, талай жаңалықтардан жар сала айтып жатады.Әрине, бұндай оқыс оқиғаның орын алуы қазақ елі үшін де, сарбаздың ата-анасы, отбасы үшін де орын толмас қайғы. Бір жағынан бұл жерде психологтардың командасы қырағы болуы тиіс, себебі адамдарды бақылау, арнайы тестілеу арқылы мұндай жағдайларды алдын алуға болады. Бұған көп назар аударылмаған сияқты. Біріншіден, «суицид жайлы ойы бар адамдар әскерге алынбауы керек» деп ойлаймын.Одан бөлек, халық арасында да жиі айтылатыны- әскерде сарбаздардың оқыс оқиғадан зардап шегуіне офицер, командирлердің салғырттығы мен техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы себеп деп санайды. Біздің бөлімде ондай оқиғалар болған жоқ.Тек осы сарбаздар болып жасақталып, жүрегіміз лүпілдеп, пойызға отырып келе жатқанымызда осындай оқиғаға кез болдым.Нақты себеп неден екенін білмеймін, бірақ сол мезетте біздің қасымыздағы сержант сол жерде тілге келмей, қайтыс болды.Жасыратыны жоқ, бәріміз сол жерде бойымызды қорқыныш билеп,үрейлендік.Артынша,жаңа ортаға тез араласып, пысықтық арқасында үйренісіп кеттік.
-«Армия адамның мінезін өзгертеді» дейді. Осы сөзбен келісесіз бе? Өзіңізден әлдебір өзгеріс байқала ма?
– Иә, шынымен де әскер адамды өзгертеді. Орынсыз сөйлей бермейсің. Әр адымыңды аңдап, ойланып басасың. Әскер деген – өзге әлем. Бір адам тәртіп бұзса, кесірі барлық сарбазға тиеді. Бір қадам қате бассаң, тек сен үшін барлық сарбаз тапсырманы басынан бастап, қайта орындауға тиіс болады. Жалғыз өз басыңды ойламай, командамен жұмыс жасауға дағдыланасың. Өз бойымда ондай нәрсе көп біліне бермейді.Өз ортамда ғана толықтай ашылып, әңгіме айта аламын.
-Әскерге баруға жалтарып жүрген замандастарыңызға не айтар едіңіз?
-Қазақ та «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Сондай жас буындар, ниеттілер болса, бүгінде көктемгі, күзгі әскерге шақыру науқанына аянбай атсалысып, қорықпай барған дұрыс. Әсіресе, «Борышымды өтеймін» деген жас өрендерге «Ұлттық ұлан» әскери бөлімшесінде барлық жағдай жасақталған. Елдің тыныштығы, тұтастығы қашанда бірінші орында тұруы тиіс.
-Әсерлі әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан- Сағыныш ҚАЙЫР