Бүгін Өркен орта мектебінде орналасқан №140 сайлау учаскесінде сайлау қарқынды өтіп, отбасылық сайлаушылардың белсенділігі ерекше көзге түсуде,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Атап айтқанда, Өтепқалиев Мамен, Өтепқалиев Қуат, Абишев Айдын, Мұханбетов Нұрлыбек және Есенов Байырхан отбасылары дауыс беруден қалыс қалмай, азаматтық ұстанымдарын танытты.
Солардың бірі – Қазына көшесінің тұрғыны Есенов Байырхан жұбайы Күмісалиева Гүлнәр және ұлы Саматпен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Ол сайлаудың маңыздылығына тоқталып, ауылдың ертеңіне бейқам қарамау керектігін айтты.
Айта кетейік, ұлы Самат Байырханұлы – аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.
– Халықтың пікірі мен таңдауы – биліктің берік негізі. Бүгінгі саяси науқан – тек дауыс беру ғана емес, елге, ауылға деген жауапкершіліктің нақты көрінісі. Осындай ортақ іске әр отбасының атсалысуы – үлкен өнеге,-деді Самат Байырханұлы.
№140 сайлау учаскелік комиссиясының төрағасы Лора Мұхтарованың айтуынша, сайлау учаскесінде 1234 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде 18-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал үйден дауыс беруге өтінім бергендер саны – 27 адам.
Сондай-ақ, сайлаушылардың арасындағы ең үлкені 90 жаста.
Байқағанымыздай, сайлау учаскесінде тәртіп сақталып, тұрғындардың белсенділігі жоғары деңгейде өтуде. Бұл – ауыл тұрғындарының ел тағдырына бейжай қарамайтындығының айқын көрінісі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ