Отан үшін от кешкен майдангерге арнайы көрме жасақталды

Ұлы Отан соғысы - бұл ұлы трагедия, қайталанбауы тиіс қасірет. Екінші дүниежүзілік соғыс деген атау да иеленген осынау сұрапылдың алғашқы күндерінен бастап-ақ оған он бес одақтас республиканы біріктірген кеңестер одағы сынды алып мемлекеттің барлық халықтары қатысып, Отанын қорғады. Солардың қатарында қазақстандықтар да барлық майдандарда жан аямай шайқасып, сол алғашқы сәттерден ерліктің ерен үлгісін көрсетті десек болады.

Иә, олар – бүгінгі біздің әкелеріміз, аталарымыз, Отан үшін неміс фашистеріне қарсы бағытталған қиян-кескі ұрыстарға аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер сапындағы мыңдаған Отан қорғаушылар лек-легімен майданға аттанды. Соғыс салған лаң бүкіл еліміздегі сияқты сол кездегі Новобогат, қазіргі Исатай ауданында да қауырт жағдай туғызды. Ер-азаматтар әскери комиссариаттың шақыру қағазымен күн сайын дерлік майданға аттанып жатты.

Ұлы Жеңіс жолында қасқайып тұрып қасарысқан дұшпанға қарсы шайқасқан Атырау (сол кездегі Гурьев) облысының Исатай (сол кездегі Новобогат)  ауданы майдангерлері туралы архив құжаттары олардың келер ұрпақтың санасында мәңгі жатталып қалуына септесетін болады. Себебі, сол қатыгез соғыста Отаным, елім-жерім деп от кешіп өтіп, сол от пен оқтың ортасынан елге аман оралып, кейін ауыл шаруашылығында, басқа да салаларда тер төге еңбек еткен ардагерлердің жеке тектік құжаттары архив қорында сақтаулы тұр.  

Жалпы, архивтік құжаттар тарихи таным көзі ретінде таусылмайтын ақпараттық ресурстарды сақтайды. Архив қорына  соғыс және еңбек ардагерлерінің жеке тектік құжаттарын жинақтау осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни, 1998 жылы бас-талып, бүгінгі күнге дейін 129 соғыс ардагерінің жеке тектік құжаттары жинақталып үлгерген. Жинақтау жұмысы қазір одан әрі жалғасуда.

Күні бүгін алдағы Жеңіс күні мерекесіне орай сол жеке тектік құжаттардан арнайы көрме жасақтау да жоспарланып отыр. Қазір Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Жүнісов Мұхит атамыздың 100 жылдығына байланысты архив қорындағы жеке тектік құжаттарынан көрме жасақталды. Майдангердің құжаттарын оның ұрпақтары 1998 жылы архивке әкеліп, хорға тапсырған болатын. Құжат тізімдері  облыстық сараптау-тексеру комиссиясынан өткізіліп, қорға қосылып, мемлекеттік тұрақты сақтауға алынды.

Жүнісов Мұхит атамыз 1923 жылы, яғни осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Орпа ауылдық кеңесінде дүниеге келген.

Ел басына күн туған сын шақта ол да соғысқа аттанған ауыл жастарының бірі болған. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына әскери борышын өтеуге шақырылған, ол кіші командирлер даярлайтын Гороховецкий әскери училищесіне жіберілді.

1944 жылы майдан шебіне аттанған жерлесіміз М.Жүнісов автоматшылар ротасының бөлімше командирі болып тағайындалады. Волхов бағытында жау-мен шайқасқа кіріп, ІІ Прибалтика майданында Шауляй қаласын жаудан азат етуге қатысады. Әскерден 1946 жылы босап, елге аман-сау оралған.

Мұхит ата Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «І дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», т.б. жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Иә, ескірмейтін ерлік жасаған аға ұрпақ ісі бүгінгі жасқа да өнеге, ертеңгі жастардың да жадында жүрмек, Архив құжаттары соған мол мүмкіндік береді.

 

Махизада ЖАҚСЫМБЕТОВА,

Атырау облыстық мемлекеттік архиві КММ-нің Исатай аудандық архиві басшысының міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521