Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Осы бір келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында қаншама жұмыстар жүзеге асса да, оны түп тамырымен жоқ қылу бүгінде мүмкін болмай отыр. Осы мәселеге арналып республика көлемінде ауқымды іс-шаралар қолға алынып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында осы жылдың 20-сәуірі мен 20-маусым аралығында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты челлендж-флешмоб форматындағы ауқымды акциясы ауданымызда да өтуде.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамның назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына аудару, сыйластық қағидаттарын насихаттау, отбасында бір-біріне жәрдемдесу қағидасын және ішкі істер органдарына қоғамдық сенімді нығайту.
Аудандық полиция бөліміне жыл басынан бері 102 операторына 55 хабарлама тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 49 әкімшілік хаттама жасақталып аудандық сотпен шарасы алынды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы Қазақстан Республикасы заңының 20-бабын басшылыққа ала отырып, 50 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылып, жауапты мамандар профилактикалық түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Бөлімшеге қабылданған әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың салдарын анықтау әрі оған жол бермеу мақсатында түсінік жұмыстары жүріп, психологиялық көмек қажет ететін азаматшалар аудандық «Отбасын қолдау» орталығының психолог мамандарына жүгінеді.
Сонымен қатар, жекелеген кезекті іс-шаралар, «дөңгелек үстел», рейдтік іс-шаралар, жұмыс топтарының кездесулері, жоғары сынып оқушылары мен жастардың қатысуымен қоғамдық флешмобтар ұйымдастырылуда. Қазіргідей дамыған заманда тіршілік тірегі – әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын, басты мәселе саналады.
Динара ТӨЛЕГЕНОВА,
аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты


