Парасат пайымы мол азамат

Шапхат ағамен тереңірек танысу сәті 1985 жылдың ақпан айында болды. Мен ол кезде Новобогат орта мектебінде директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде едім.Сонымен бірге мектеп бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде қоғамдық жұмыс атқаратынмын.

Аудандық кеңестің депутатын сайлайтын №10 «Зауыт» сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Хұсынов Шапхат Пазылұлымен кездесу өтуі жоспарланған болатын. Мектеп директоры Қыдырова Бақытжан апай ауырып қалып, ұйымдастыру жұмысымен айналысуға тура келді. Шәкең ол кезде аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі еді, қай жағынан шығып кетеміз деген күдік пен уайым да бар.

Алайда сөз кезегі өзіне берілгенде, Шәкең ақкөңіл, ақжарқын азамат екендігін бірден танытып, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып шықты. Жиналыс аяқталды. Ол кезде мектеп маңындағы ескілеу екі бөлмелі үйде тұратынмын. Қысылыңқырай тұрып үйден дәм татып кетуге шақырдым, қабыл алды. Өзіммен жұмыстас 2-3 мұғалімдермен бірге селолық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ғұбашев Қабдығали, кеңшардың партия комитетінің хатшысы Маштахов Таупих ағалар болып үйге келдік. Шәкеңнің қарапайым да ортаның адамы екендігі осы сәтте байқалды. Төрде ілулі тұрған домбыраны алып, 1-2 күй тартып шықты. Отырыс барысында ұжымдастардың көтермелеуімен біраз әндер айтылып, әңгіме-дүкен құрылып, есте қаларлықтай отырыс болды. Шәкең сол жылы күзге салым аудандық партия комитетінің ұйымдық-партиялық қызметтер бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысты.

1986 жылы сәуір айында аудандық партия комитетінің ұйымдық бөлімінің меңгерушісі Шапхат Пазылұлы шақырып алып: «Бекболат, сен аудандық халыққа білім беру бөліміне келген екенсің, мамандығың ешқайда қашпас, сені партия қызметіне шақырайын деп отырмыз, партия қызметінде ысыласың, ел көресің, болашағыңа жақсы бастама болады, аудан орталығынан пәтер алу да жеңілдеу болады» деді. Сөйтіп бөлімде нұсқаушы болып Шәкеңмен жұмыстас болып шыға келдім. Көкейімде қалғаны - ол кісінің партиялық қызметтегі кіршіксіз тазалығы. Әрбір сәтте өзіне талап қоя отырып, сол талапты бізге де қоятын еді. Екі тілде (қазақ, орыс) бірдей өте сауатты жазатын. Ауданда іс жүргізу қазақ тілінде болса да, облыстық партия комитетіне көптеген хабарламалар орыс тілінде жазылатындықтан, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Беркін Кенжеғалиұлы Ізтелеуов баяндамаларды Шакеңе ғана сеніп тапсыратын.

Қағаз жазудың стилін бізге Шәкең үйретті. Дайындаған хабарламаларымызды ерінбей қарап шығып, түзетіп беретін, содан соң ғана машинкаға басуға беретінбіз. Алғашқыда ол кісінің түзетулері бойынша хабарламаны таза қағазға кері көшіріп шығып машинкаға апарсам, қыздар Шапхат ағаға көрсетіп әкелуімді өтініп қабылдамайды. Ол кісіге көрсетілген десем, онда сол қағаздың өзін әкелуімді өтінеді. Ұялсам да сауатсыз баланың «екілікке» бағаланған жұмысындай сол жазбаны алып барсам, сөзге келмей әп-сәтте басып беретін. Қанша шимайлап түзету енгізсе де машинкадағы қыздар да шапшаң түсінетін. Екі жарым жыл қызметтес болғанда, Шәкеңнен үйренген дағдыларым зейнеткерлікке шыққанға дейінгі бүкіл қызметімде ішкі жан дүниемде өзіме басшылық етіп келді.

Аудан қайта құрылғанда Шәкең аудандық «Нарын таңы» газетіне бас редактор болып, өмірінің соңына дейін осы қызметте болды. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде ауданның көптеген өзекті мәселелерін көтерді. Жүйке жұқартар қызметтер жайымен жүріп шаршап кеткен кездерде Шәкеңе кіріп сәлемдесіп, бірер сағат әңгімелесіп жеңілдеп шығатын едім. Ол кісінің танымы, парасат пайымы, өмірде болып жатқан жағдайларды талдай отырып, айтатын әңгімелері шаршағаныңды басып, алға қарай сеніммен қадам жасауыңа жол сілтейтін еді.

Бекболат МУСИН,

ұстаз,зейнеткер,

Х.Ерғалиев ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521