Параспортшылардың ісі - патриоттық іс

Елімізде  параолимпиада  ойындарына  қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Көк туымызды желбіретіп жүрген параспортшыларымызға жеткілікті жағдай жасалып жүр ме?  Осы тұрғыдан өңіріміздің абыройын асқақтатып, бірнеше дүркін чемпион атанып жүрген аудан  параспортшыларының жағдайы мен тыныс-тіршілігін білу мақсатында аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі спортшылардың аға жаттықтырушысы, параармрестлингтен жаттықтырушы Роллан Қадіржановпен тілдескенді жөн көрдік.

- Жалпы, бұл параолимпиадаға қатысушы  өзіміздің  жергілікті параспортшыларды дайындау қай жылдары бастау алды? Ауданымызда осы спорт түрімен айналысуға мүмкіндік қарастырылған ба?

-Параолимпиадаға тағдыр тәлкегін көрген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысатынын білеміз. Бөле-жарғымыз келмейді, әйткенмен, бұл күні сау адамның да спортпен айналысуы қиын. Ауыртпалығын көтеруге көбінің шамасы келмейді. Жалпы, осы параолимпиада тарихына үңілсек, бұл параспорт 2018 жылдан өз жұмысын бастаған болатын.  Қазіргі таңда ауданда 20 шақты мүмкіндігі шектеулі адам осы спорт түрімен шұғылданады. Біздің  жаттығу, жарысқа дайындық барысы  аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді. Айта кетейік, осы аталған мекеме басшысы Бұрхан Оралбеков мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына барлық жағынан, яки бейімделген жаттығу залымен, құрал-жабдықтармен және әдістемелік-тәжірибелік  көмек көрсетіп келеді. Жақында спорт мектебі ғимаратының 1 қабатынан мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған жаттығу залы жасақталды. Пандус, тактильді жол, мүмкіндігі шектеулі жандардың автокөліктерін қоятын автотұрақ т.б бейімдеу жасалып, спортпен шұғылдануына толық жағдай жасалуда. Сондай-ақ, біздің ауданда параармрестлинг(қол күресі) жақсы дамып, оң нәтижесін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, пара жеңіл атлетика, пауэрлифтинг (штанг жатып көтеру) түрлері бо-йынша да жеткен жетістігіміз аз емес.

 

- Параспортшыларымыз-дың психологиялық тұрғыда жеңілісті қабылдауы қалай? Жалпы параолимпиадашы мен олимпиада спортшысының жеңілген сәттегі көңіл-күйлері бірдей бола ма, әлде мүмкіндігі шектеулі спортшыға мұндай сәтсіздік әлдеқайда ауыр тие ме?

-Әр спортшының психологиясы әртүрлі болады. Бәріміз бір дайындықтан өткенімізбен, әрқайсының табиғаты әртүрлі. Әр спортшының жеңілісті қабылдауы да солай. Жеңіс ол, ең алдымен, еңбекке байланыс-ты, екінші кезекте ол – бақ. Екеуі қатар шапса, онда нұр үстіне нұр. Пара спортшы мен қарапайым спортшылардың бір-бірінен аса айырмашылығы жоқ. Екеуі де бірдей тер төгеді. Спортшы үшін ең ауыры – олимпиададағы жеңіліс. Себебі, спортшы өмірде төкпеген терін сол жарыстағы кілемде төгеді.

- Мүмкіндігі шектеулі жанның кәсіби спортпен айналысуы сөзсіз көпке үлгі. Бірақ, оның арғы жағында біз біле бермейтін қандай қиындықтар бар?

- Жалпы спортқа келу оңай емес, түрлі жарақаттар болады. Қол сынады, аяқ сынады дегендей. Бірақ, сондай қиындықтардан өткеннен кейін спортты жарты жолдан тастап кетуге болмайды. Әр спортшының арманы олимп шыңын бағындыру болғандықтан, сол жаққа барып, жеңіспен оралмай, ми тыным таппайды. Өткен параолимпиадада жіберген олқылықтардың бәрін зерттеп, «ендігі параолимпиадада ондай қателіктерге жол бермей, жеңіспен оралу керек» деп спортшыларыма үнемі айтудан кенде емеспін. Қандай спорт түрі болмасын, бәсекелес көп, бұл спорт түрінен жарыстарға көптеген ел қатысады. Спортқа бет бұрған ондай жандар, тіпті қысқы спорт түрлерінен де жақсы көрсеткіштерге ие. Сондықтан да өмірде ешқашан сынбау керек. Біз қазір уайымға салынып, қасірет кешкенімізден ештеңе шешілмейді. Сол үшін ертеңгі күнің жарқын болсын десең, бір орында отыра бермей, әрекет жасау керек деп есептеймін. Біз үшін тағы бір қиын тұсы - бейімдеу кабинеттерінің жеткіліксіздігі, сондықтан мүмкіндігі шектеулі ерекше балалармен жұмыс жасау үшін арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған шағын қалыпқа келтіру. Үлкен спортта жетістікке жету үшін ерекше балаларды ерте жастан спортқа баулу, бейімдеу өте маңызды, сонда ғана болашақ параолимпиада чемпиондарының шығары сөзсіз екенін айтқым келеді.

- Бүгін күні ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп-ақ, солардың біріне тоқталып өтсеңіз? Сіздіңше, еліміздегі спорт саласының деңгейін тағы бір сатыға көтеру үшін нендей жағдайлар жасау керек?

- Әрине, талай күнгі еңбектер ақталып, өзіміз барған жарыстардан олжалы ораламыз. Параспортшылардың жетістігі туралы айта өтсем, Медет Супыгалиев –параармрестлингтен бірнеше дүркін облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия кубогының жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Гүлден Супыгалиева – бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері. Аслан Қайрошев – облыстың бірнеше дүркін чемпионы,Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионы,Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әсия Набиева –облыс чемпионы, Қазақстан Республикасы біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия кубогының жеңімпазы. Спорт шебері. Сәтбек Тулебаев – облыс чемпионы, Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің жеңімпазы, спорт шеберлігіне үміткер.

Шынтуайтына келер болсақ, шетелде еліміздің Әнұраны шырқалып, Туы көтерілетін екі ғана себеп бар. Біріншісі – Мемлекет басшысы шетелге іс-сапармен барған кезде, екіншісі – спортшы жеңіске жеткен кезде. Сол себепті, жоғары басшылық спорт саласына көптеп ден қойса, әсіресе, шалғай ауылдардағы спортты дамытса, жөн болар еді. Өкінішке қарай, ауылдарда спорт саласы әлі де ақсап тұр. Сондай-ақ, спортшыларға келгенде, қаржыны үнемдемесе екен. Осы мәселелер реттелсе, бізде жетістік бұрынғысынан да көбірек болары сөзсіз.

 

Сұхбаттасқан -

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521