ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР ШЫРҚАЛДЫ

 

Жанбай ауылдық мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық патриоттық ән байқауы елге деген сүйіспеншілікті, рух пен елдік сананы оятқан әсерлі шара болды. Аталмыш байқау — өнерпаздар үшін тек шығармашылық шеберлігін сынайтын емес, Отан алдындағы парыз бен патриоттық сезімді жүрекпен жеткізетін сахналық сын.

Байқауға ауданның 6 ауылдық округінен үміткерлер қатысып, өзара бақ сынасты. Іс-шараның шымылдығын аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Марат Жұмабеков ашып, қатысушыларға сәттілік тілей отырып, бұл байқаудың жас ұрпақты елін сүюге, өткенге тағзым етуге үндейтін маңызын атап өтті.

Ән додасы екі кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде соғыс жылдары жазылған жүректі толқытатын әндер орындалса, екінші кезеңде егемен елдің айбынын асқақтататын патриоттық әндер шырқалды. Бұл ретте қатысушылар тек дауыс пен орындау шеберлігін ғана емес, сахнада өз болмысын, елге деген махаббатын жеткізуге тырысты. Жиылған жұрт сүйікті өнерпаздарын ыстық ықыласпен қолдап, зал ішін қошеметке бөледі.

Қатысушылардың қобалжу сезімі сахна сыртында байқалғанымен, көпшілігі сахнаға шыққанда нағыз кәсіби шеберлігін көрсете білді. Әндер тек шырқалып қана қоймай, әр нота, әр сөзбен жүрекке жол тартты. Әсіресе, орындаушылардың кейбірі өз дауысымен ғана емес, жүрекпен айтып, көрерменді тебірентіп отырды.

 

 

Байқау соңында әділқазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталып, жүлделер өз иесін тапты. Қамысқала ауылдық округінің өнерпазы Ильяс Дүйсекешов пен Исатай ауылынан келген Шолпан Төлегенова 3-орынды иеленсе, Аққыстаудан Нұрдәулет Сағидоллин мен Зинеден округінің атынан қатысқан Шынар Дюсенова 2-орынды бөлісті. Ал көптің қошеметіне бөленген Тұщықұдық ауылынан келген Рамазан Алхам 1-орынның иесі атанды. Жанбай ауылының өнерпазы Айдар Бекет әсерлі орындауымен көрерменнің де, қазылардың да жүрегін жаулап, бас жүлдеге лайық деп танылды.

Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар бірінші және екінші орын иегерлері облыстық патриоттық ән байқауына жолдама алып, аудан намысын абыроймен қорғау мүмкіндігіне ие болды. Ән байқауы – ұрпақ санасына ел тарихын сіңірудің, патриоттық сезімді тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Жеңісті әнмен ұлықтаған бұл кеш тыңдаушының жүрегінен ойып тұрып орын алды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT