Перизат - республикалық турнирдің жеңімпазы

Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Перизат Байтемір Дзюдо күресінен халық Батыры Исатай Тайманұлының жүлдесіне арналған республикалық турнирдің чемпионы атанды.

Татами төрінде 63 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз алғашқы кездесуінде атыраулық палуанның жауырынын жер иіскетсе, жартылай финалда исатайлық жерлесін жеңді. Ал, ақтық белдесуде оралдық палуанды айқын басымдықпен жеңді. Нәтижесінде, барлық кездесуін сәтті аяқтаған жерлесіміз өз салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, республикалық турнирдің жеңімпазы атанды.

Жерлестеріміздің арасынан бүгінгі турнирде алғашқы болып чемпион атанған палуан қызды тілге тартып көрдік.

Айтуынша, дзюдо күресімен бала күнінен айналысып келеді. Күні бүгінге дейін жеткен жетістіктері де аз емес көрінеді. Спортшы қыз аттың құлағында еркін ойнайтынын да атап өтті.

- Боз кілемдегі барлық кездесуім де бүгінгі күнге белгіленген болатын. Жарысты ойдағыдай аяқтадым. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Ең бастысы тілеуімді тілеп отырған ата-анамның, қала берді жаттықтырушыларымның сенімін ақтай алдым. Жарысқа қатысушы барлық спортшыға сәттілік тілеймін,деді турнирдің жеңімпазы Перизат Байтемір.

Айта кетейік, дүбірлі дода 2 күн бойы жалғасатын болады.

Жеңіс құтты болсын, жерлестер!

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521