ПОДСТАНСЫҒА АМАНТАЙ ТАЖЕНОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Желтоқсан айының 12-ші жұлдызында сонау аудан қайта құрылған жылдардан бастап, аудандық электр жүйесінің құрылу, қалыптасу және дамуына өзіндік зор үлес қосқан шебер ұйымдастырушы, іскер басшы Амантай Сүйенбайұлы Таженовтің туғанына биыл  85 жыл толуына байланысты «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының қолдауымен бір кездері өзі еңбек еткен Аққыстау ауылындағы 110/35/10 кв кернеулі /№15 Аққыстау подстансысына оның есімі беріліп, белгі тақта орнатылды.

Аталған салтанатты шараны аудан әкімі Нұрым Мусин құттықтау сөзбен ашып, марқұм ағамызбен бір кездері бірге жұмыстас-ұжымдас болған қонақтар мен қызметтестерге қош келдіңіз айтты.             

-Құрметті аудан тұрғындары! Амантай Таженов ағамыздың есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Егемендік алған жылдары еліміз бойынша барлық энергетика саласы тоқырауға ұшырап,  қараңғы ауылдар көбейген тұс болатын. Сол уақыттарда ағамыздың өзі бастапжүріп, ұжымдас қызметкерлерімен бірге күн-түні ауылдарға үздіксіз электр жарығын беруге жұмыстанып, аянбай еңбек еткенін ауылдастары әлі күнге дейін әңгіме қылып айтып жүр. Міне, осындай ел үшін қызмет еткен аяулы ағамыздың еңбегін жоғары бағалап, ардақты ағаның есімін станса атына беруге ықпал етіп, демеушілік танытып жатқан «Атырау Жарық» АҚ мен жергілікті аудандық электр жүйесі бөлімшесінің басшыларына аудан тұрғындары атынан шын ризашылығымды білдіргім келеді,-деді аудан әкімі.

Сондай-ақ шарада АТЭС вице-президенті Рамазанов Айбар Дюсебалиұлы,  «Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Уақитұлы Губашевтар да сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздерімен бөліссе, ал Амантай ағамыздың жары Қалам анамыз жүректен шыққан шынайы алғыс сезімін жеткізді.

Шарада «Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Уақитұлы мен Амантай ағамыздың жары Қалам анамыз қызыл кермені қиса, белгі тақтаны ашу құрметіне аудан әкімі Нұрым Мусин мен Амантай ағамыздың бір кездегі қызметтесі әрі АҚ басшысы, президенті болған, ардагер энергетик  Айбар Рамазанов ие болды. Соңында шараға жиналған құрметті қонақтар, ауылдастар, бірге еңбек еткен ұжымдастар Амантай аға атындағы электр жүйесі подстансысымен танысты.

 

                                                                                                              Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521