Киелі Нарын топырағы — талай батыр мен ақынға, ел мен жердің даңқын асырған асыл тұлғаларға бай, тарихы терең қасиетті өлке. Осындай өнер мен өрлікке, жыр мен жігерге тұнған өңірде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында облыстық «Фариза оқулары» байқауы өтті. Бұл рухани шарада жас өрендер ақынның жігер мен рухқа толы жырларын жүрекпен жатқа айтып, жас әншілер сырлы әуенмен көңіл тербеді. Сонымен қатар жас қылқалам шеберлері де шабытын серік етіп, өз өнерін ортаға салып, шығармашылық пен руханият тоғысқан, отаншылдыққа баулитын бір көркем әлем қалыптасты.
«Манашта туып, Алашқа танылған» Фариза Оңғарсынова атындағы байқаудың өзі ақынның туған өлкесінде өтуі – оның өнеріне, өшпес мұрасына деген ерекше құрметтің көрінісі. Байқау жаңадан бой көтерген заманауи өнер мектебінде ұйымдастырылып, қатысушыларға шығарма-шылық шабыт сыйлады. Ең алдымен облыстың түкпір-түкпірінен келген қонақтар үшін ғимараттың дәлізінде орналасқан аудандық музей мен кітапхананың ұйымдастыруымен Фариза ақынның шығармашылық әлеміне арналған көрме көрсетілді. Шараның ашылу салтанатында ақынның өмір жолы мен шығармашылық шежіресінен сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, жиналған жұртты терең толғанысқа бөлегендей. Исатай орта мектебінің оқушылары сахналаған «Жетімнің монологы» атты театрландырылған көрініс көрермен жүрегін елжіретіп, көзге еріксіз жас ұялатты. Ал нәзік те әсерлі сәтті жалғаған бөбекжай бақшаларының кішкентай тәрбиеленушілері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермен көңілін қуаныш пен сүйіспеншілікке бөледі. Бұл көріністер өскелең ұрпақтың Фариза жырымен сусындап, өнерге, өлеңге деген құрметінің сәби жүректен бас-тау алатынын дәлелдегендей. Салтанатты шараның алғашқы сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева ақын мұрасын құрмет тұтқан барша сайысқа қатысушы оқушыларға жылы лебізін білдірді.

–Фариза Оңғарсынова – қазақ поэзиясының маңдайына біткен жарық жұлдызы, ұлт руханиятының асыл анасы. Оның әрбір өлеңі – өр рух пен нәзік сезімнің үндестігі, әйел жүрегінің шексіз тереңдігін, ұлт намысының биіктігін айғақтайтын мәңгілік мұра. Бүгін міне, сол Фариза жырларымен сусындаған жас өрендердің өнерін тамашалау – біз үшін үлкен қуаныш. Сайысқа қатысып, өлеңге, өнерге деген сүйіспеншілігін танытқан барша оқушыларға алғысымды білдіремін. Сіздердің әрқайсыңыздың жүректеріңізде Фариза рухының оты маздап, шабыттарыңыз шалқи берсін. Өнер мен өлеңге деген іңкәрлік жолдарыңызда сәттілік тілеймін, – деді ол өз сөзінде.

Облыстың жеті ауданынан және Атырау қаласынан келген, іріктеуден өткен 8–11 сыныптың үздік оқушылары үш кезең бойынша бақ сынап, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай…» бөлімінде қатысушылар ақынның жүрек тербетер жырларын жатқа, мәнерлеп оқып, поэзия әлеміне терең бойлады. Ал «Өлең, мен сені аялап өтем…» номинациясында жас дарындар Фариза өлеңдеріне жазылған әуезді әндерді орындап, тыңдарман жүрегін елжіретті. Сондай-ақ, қатысушылар ақын шығармаларының мазмұнын бейнелейтін иллюстрациялық суреттер салып, поэзия мен бейнелеу өнерін ұштастыра білді.

Өлең мен өнерге толы кештің қорытындысы бойынша ақынның өлеңдерін жатқа айту кезеңінде Жылыой ауданының 11 сынып оқушысы Айжанат Шопан І-орынды иемденсе, ал ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаушылар конкурсында Атырау қаласынан келген Фатима Канафина жеңімпаз атанды. Ақын шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу байқауы бойынша Қызылқоға ауданының 10 сынып оқушысы Қамза Ілияс І орынды қанжығасына байлады.

Киелі Нарын топырағының төрінде өткен Поэзия падишасының кеші жыр мен өлеңге, әсем ән мен өнерге толы болды. Келешек жас ұрпақтың ақынның шығармашылығына деген қызығушылығы барша жұртшылықты тәнті етті. Поэзия құдіретін танытқан Фариза оқулары облыстық емес, ендігі республикалық деңгейде өтуге әбден лайық деп есептейміз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ
 
                                    
             
     
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

