Полицейлер ашықтыққа бет бұрды

Исатай аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бейбітжан Айжарықов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және аудандық полиция бөлімінің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін таныстыру мақсатында ҮЕҰ (Үкіметтік емес ұйым) өкілдерімен және аудан ардагерлерімен кездесті.    

Кездесу барысында баяндама жасаған Бейбітжан Айжарықов полиция бөлімінің қазіргі жай-күйімен таныстырып өтті. Оның айтуынша, ауданда 11 учаскелік полиция инспекторы және 2 учаскелік полиция инспекторының көмекшісі жұмыс жасайды. Ал, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары толықтай планшет, термопринтер, компьютер, радиобайланыс құралдары мен 8 қызметтік автокөлік және 4 қызметтік пәтермен қамтамасыз етілген. Биыл Х.Ерғалиев және Тұщықұдық ауылдарының учаскелік полиция инспекторларына берілген қызметтік пәтердің бір бөлігін учаскелік полиция пункті етуге аудан әкімдігіне ұсыныс жолданып, нәтижесінде, аталған ғимараттар облыстық полиция департаментінің теңгеріміне өтіп, қазіргі таңда қызметтік пәтердің бір бөлігі учаскелік полиция пункті ғимараты ретінде қолданысқа берілген.

Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде атқарылатын жұмыс жоспарларымен де бөлісті. Қазірдің өзінде аудан әкімдігіне 100 бейнекамера орнатуға ұсыныс жолданған. Осыған орай 50 бейнекамераның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаражат бөлу мәселесі қаралып жатқан көрінеді.

_

Сонымен қатар ол учаскелік полиция инспекторлары атқарған жұмыстарын «Facebook» әлеуметтік желісіндегі өздерінің жеке парақшалары арқылы жариялап, өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарда «Whatsapp» әлеуметтік желісінде ауыл тұрғындарымен бірлескен чаттар ашып, тұрғындарға құқықтық көмектер көрсетіп, мейлінше ашықтыққа, қоғаммен тығыз байланысқа бет бұрғанын айтып өтті. Одан бөлек, биыл 102 мобильді қосымшасы іске қосылған. Мобильді қосымша арқылы қандай да бір арыз-шағым болса, полицейлермен тікелей бейнеқоңырау арқылы байланысуға мүмкіндік бар. Басты артықшылығы оқиғалар туралы қысқа хабарламалар мен бейнетүсірілімдер жіберіп немесе оқиға орнына тікелей бейнеқоңырау шалуға болады. Ал бұл өз кезегінде кезекші бөлімге не болып жатқанын көруге және дереу тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік бермек.

Бейбітжан Айжарықов құқық қорғау саласындағы елеулі өзгерістерге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауының да түрткі болғанын жеткізді.

- Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау» атты бөлімінде Ішкі істер органдары жөнінде кеңінен қозғалды. Жолдаудың негізінде адам құқығын қорғау бойынша, құқық қорғау жүйесінде соның ішінде Ішкі істер органдары саласында елеулі өзгерістер басталды. Атап айтқанда, Ішкі істер органдары осы салаға тән емес бірқатар функциядан арылды. Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесі артты. Олар құқық бұзушылықтың алдын-алуда қосымша өкілеттікке ие болды, - дейді ол.

Одан әрі кездесуде ҮЕҰ өкілдері және аудан ардагелері өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Лиза Мутянова мектеп жасындағы жасөспірімдердің ауылдарда орналасқан ескерткіш белгілер мен шағын сәулет нысандарын бүлдіріп, жарамсыз етіп тастайтынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, олардың кейбіреуі есімдері құрметке лайықты жандарға арналып орнатылған болса, енді бірі тарихи жәдігерлерімізді суреттеп тұрған шағын сәулет нысандары. «Полиция қызметкерлері осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алса» деген ұсынысын жеткізді.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521