«ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАТЫЛДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ» дейді инспектор Айсұлу Себекқызы

Көктемнің алғашқы шырайлы да көркем мерекесі – Халықаралық әйелдер күні. Осынау күн - көктемнің шуақты шұғыласымен, әлем нұрға бөленіп, нәзік жанды арулардың құшағы гүлге толып, ізгі тілектер жолданатын ерекше әрі бақытқа толы күн.

Қазіргі қоғамда әйел - тек отбасының берекесін кіргізер тұлға ғана емес, ол сондай-ақ қоғамымыздың барлық саладағы маңызды істерге және саяси мәселелерге де белсене араласатын мүшесі. Сол себепті елімізде нәзікжандылардың әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Бүгіндері қандай қиын сала болса да, нәзік жандылар сол істі ұршықтай иіріп, жоғары жетістіктерге жетіп жатқанына талай куә болып жүрміз. Әр салада аруларымыз қисынын тауып жасап, тіпті, ерлерге тән ерлік көрсетіп те жатады. Сондай мамандықтың бірі - полиция қызметі. Иә, кез келген азамат пен азаматшаның құқығын қорғайтын, қылмыскерді құрықтайтын полицей дегенде көз алдымызға еріксіз ер-азаматтың елестейтіні анық. Алайда, бұл ой «нәзік жандылар тәртіп сақшысы бола алмайды» деген сөз емес. Тәртіп сақшыларының арасында да биік белестерге қол жеткізіп, оған қоса отбасы тіршілігін қатар алып жүрген арулар баршылық. Ауданымызда құқық қорғау саласында үлгілі қызмет етіп, азаматтар мен азаматшалардың құқығын қорғауда бар өмірін сарп етіп жүрген сондай бұрымдылардың бірі Айсұлу Төлеубаева десек, артық айтпаған болар едік. Ерге тән бұл мамандықты таңдауға кез келген арудың батылы жетіп, жүрегі дауалай бермейтіні де рас. Таңдаған мамандығына табандылық пен адалдық танытқан адам өз мамандығының жемісін көруіне болады. Міне, бүгін әңгімеге арқау болып отырған кейіпкеріміз осындай жан десе де болады. Айсұлу Төлеубаева қазір аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы болып қызмет істейді.

Ол 1976 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін 2003 жылы бітірген. Алғашқы еңбек жолы 2006 жылдың желтоқсанынан – 2007 жылдың ақпан айына дейін  ҚР ІІМ-нің Оқу орталығы (Атырау қаласы) тыңдаушысы қызметінен басталған. 2007 жылдың наурызында Атырау қалалық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі ювенальды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы (білім беру ұйымдарына бекітілген) лауазымына, 2014 жылдың мамыр айында аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы, 2016 жылдың 12-ақпанынан аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалып, бүгінге дейін осы қызметті абыройлы атқарып келеді.

Аудандық полиция бөлімі басшылары мен бірге қызмет атқаратын ұжымдас қызметкерлерінің айтуынша, Айсұлу Төлеубаева  өзінің күнделікті жұмысына асқан жауапкершілікпен және қызметін аса зор сергектікпен қарайтын қызметкер. Тап-тұйнақтай, жинақы жүру әрі жұмысына деген сүйіспеншілік оның бойына бала кезінен сіңген қасиет екен. Себебі, ол бұл мамандықты бала күнінен армандаған. Форма киген құқық қорғау саласындағы қызметкерлерге қарап бой түзеп, армандаған Айсұлу Себекқызының ақ арманы адас-тырмай, тағдыр жолын дәл осы қызметте тоғыстырған. Қанша ауыр болса да қайтпас қайсар мінезінің арқасында өз ұжымында абыройлы, аудан халқына сыйлы. Еңбек жолында кездескен түрлі қиындықтарға төтеп бере жүріп шыңдалған ол қазіргі кезде өз ісінің білгірі. Ішкі істер органдарындағы қызметінде өзін тек жақсы жағынан танытып жүрген Айсұлу - кәсіби жағынан сауатты, дайындығы мол қызметкер. Өзіне жүктелген тапсырмаларды жоғары жауапкершілікпен, мерзімінде атқарып, ҚР ІІМ-нің бұйрықтары мен нормативтік заң актілерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп Кодексін жетік меңгеріп, күнделікті қызметте дұрыс қолдана біледі. Қызмет атқарған орта басшы құрамның лауазымында өзін сауатты, ынталы және жігерлі қызметкер ретінде таныта білді.

Отбасының да береке-бірлігін сақтап, үш перзентті тәрбиелеп отырған аяулы ана. Нәзік жанды болмысымен қоғамда абыройлы қызмет атқарып, ал отбасында асыл жар, аяулы ана болып жүрген Айсұлу Төлеубаеваның ісі көпшілік аруларымызға үлгі-өнеге.

-Полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Десе де, осы салаға бала күнімнен қызмет етуді армандадым. Қызмет болған соң, кейде ерге тән қайсарлық пен батыл мінез көрсетіп жатамыз. Себебі, біздің жұмысымыз соны талап етеді. Қазақ қыздарының бойында нәзіктікпен қатар өжеттілік, батылдық қасиеттері қатар өрбіген. Тарихты парақтасақ та, ерге тән ерлік көрсеткен аруларымыздың ерлігі тайға таңба басқандай жазылып тұр. Олардың ержүректігі бүгінгі ұрпаққа жетіп, қазақ елі батыл қыздарымен мақтанады. Қай салада қызмет етсе де, әрбір әйел адам бақытты болуға лайықты,-дейді Айсұлу Төлеубаева  бізбен болған әңгіме барысында.

Ия,Айсұлу ханыммен әңгіме барысында оның инабаттылығының астарында ер адамға бергісіз  қайсарлық пен жігерліліктің жатқанын байқадық. Оның нақ осы саланың қызметкері болу үшін жаралғанын аңғардық. Қызмет барысында ішкі істер органдарынан алған марапаттары жетерлік. Қызметтен бөлек көптеген қызығушылықтары да жоқ емес. Оған дәлел, жақында аудан төрінде өткен кәсіби әншілер мен әртүрлі мекеме қызметкерлері дует құрып, сайысқа түскен «Кел, шырқайық» ән байқауына бақ сынап қатысқаны. Ауданға белгілі  сазгер әрі әнші Берікбол Қонаровпен байқауда жұптаса ән шырқап, өзінің жан-жақтылығымен де көптің көзайымына айналып, таңданыстарын туғызған.

«Қыз бала қаншалықты жүрегі нұрлы, жаны сәулелі болса, санасы пайдалы білімге толы болса, ол қыздың соншалықты қоғамға да, адамзатқа да келтірер пайдасы мол» деп белгілі ақын айтқандай, иә, расында да қыз баланың мойнына артылған жүгі ауыр. Дегенмен,  өзінің нәзіктігімен,  аруға тән көркем мінезімен барша әлемге жарық нұр сыйлайды. Әлемге шуақ болатын барша әйелдер қауымын төл мерекесінде ғана емес, жаратқанның әр күнінде сый-құрметке бөлеп, бақыт құшағағында тербеп, жылы лебізімізді әркез арнай жүрейік.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521