Өткен аптада Жанбай ауылдық округінің ұйымдастыруымен және «Потенциал ойл» мұнай компаниясының шақыруымен жанбайлық қариялар ауыл іргесіндегі өндірісті кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Көптен бері талай жиындарда айтылып, баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген Жанбайдағы экология мәселесі талайлар үшін басқайғы болып келе жатқаны рас. Нақты газ иісінің қай бағыттан, атап айтқанда «Потенциал ойлдан» ба, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Жаңаталап» кен орнынан ба, тіпті бұрын-соңды пайдаланылып, бұғатталған ұңғымалардан шығатынын айырып білмесе де, әйтеуір желді күндері кешқұрым уақытта шыдаптай, қолқаны қауып кететін улы газ иісіне наразы болғандар аудан аумағына келгендеріне көп уақыт болмаған осы компанияны кінәлайтын. Сол мәселе түрткі болды ма, әйтеуір өздері бастама көтеріп, құрамына қариялар, бұқаралық ақпарат құралдары, әкімдік өкілдері кіретін арнайы топты өндіріс басына шақырып, мұнай өндіру мен ілеспе газды өртеу және тағы да басқа техникалық ерекшеліктерді көрсетіп, компания басшылығы ардагерлердің барлық өзекжарды сауалдарына жауап берді.
Әуелі соңғы үлгіде салынған мұнай айыру цехтарын, мұнай айдау құбырларын көрсеткен мұнайшылар жоғарыда айтқанымыздай, улы газ шығады деп айыптап жүрген алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойғылары бар екендігін жасырмады. «Өйткені біз Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында нақтыланған талаптар аясында ғана мұнай өндіреміз. Бізде бүгін дұрыс, ертең бұрыс деген болмайды. Қызметімізді ұдайы бақылайтын қадағалаушы, бақылаушы мемлекеттік органдар да бар» дейді кәсіпорынның бас инженері Ғаділбек Мырзағалиев. Ал, бас директор Гамал Құлымбетовтің дерегінше, кәсіпорын бюджетке жылына 6,5 миллиард теңге салық төлейді екен. Әуелбаста Қазақстан Үкіметімен 2034 жылға дейін келісім-шарт жасаған компания басшылығы қазіргі уақытта 860 мың мұнай қорының қалғанын айтты. Тиісінше газ 2022 жылы бітеді екен.
Басқарушылық пакет бойынша 80 пайызы Ресейге, 20 пайызы Қытайға тиесілі болса да, бүгінгі таңда кәсіпорында қызмет ететін қызметкерлердің барлығы да өзіміздің қаракөздер екен. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын кәсіпорындағы барлығы 126 жұмысшының 26-сы исатайлық, оның 14-і Жанбай ауылының азаматтары көрінеді. Қызметкерлер еңбекақысын Елбасы Жолдауында берілген міндеттерді орындау мақсатында келесі жылдан бастап 7 пайызға өсіруді де жоспарлап отыр екен.
Ардагерлер өндірістегі техникалық заманауи қондырғыларды аралап шыққан соң кеңседе бас қосып, мұнайшылармен екіжақты әңгіме-дүкен құрды. Жиын барысында Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов ағымдағы жылдың 5 қазан күні Елбасы ұсынған Жолдауды талқыласа, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен күні кеше дүрілдеп өткен 90 жылдық аясында атқарылған оңды істерге тоқталды.
Аслан Мұратұлы