8 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Халық та, қоғам да асыға күтетін, зор үміт артатын маңызды құжат.
Бүгінгі Жолдау – қоғам сұранысына, елдегі түйткілді мәселелерді шешуге арналған. Ол Қазақстанның дамуына тың серпін беретін, экономикалық өрлеуіне жол ашатын тың ойлармен, жаңа бастамалармен ерекшеленеді.Бұл жолы да Президент мемлекетіміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді.
Мемлекет басшысы осыдан бірнеше жыл бұрын ауқымды саяси реформаларды қолға алған болатын. Сол игі бастамалардың бәрі халық тарапынан қолдау тауып, нақты жүзеге асып келеді. Мемлекетіміздің саяси келбеті өзгеріп, құрылымы жаңғыруда.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс»
«Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды.
Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек. Сонда азаматтар Астанаға көше бермейді.
Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті.
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар.
Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс.
Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады» деді7
Ендігі кезекте экономикалық дамуға күш салынады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында да осы салаға ерекше екпін беріп отыр.
Бүгінгі Жолдау Президент реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегіне қатысты келелі ойларын ортаға салып, экономиканы дамыту бойынша бірқатар міндет қойды.Ол – экономиканың барлық саласын жаппай цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, жаңа технологиялар арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға кеңінен жол ашу. Бүгінде ғылым мен технология қарыштап алға басуда. Алпауыт елдер жасанды интеллектінің арқасында үлкен жетістіктерге жетуде.
Біз де әлеммен бірге осы жаңа технологиялар дәуіріне қадам бастық. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Осы межеге жету үшін Президент қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды.
Президент осы жолда бірқатар заңнамалық бастамалар көтерді. Ең әуелі Цифрлық кодексті тезірек қабылдауды тапсырды. Онда цифрландыру процестерінің негізгі бағыттары айқындалатын болады. Экономиканың барлық саласын жаңғырту да осы жасанды интеллектінің көмегімен іске асады.
Жолдауда Мемлекет басшысы жеті басым бағытта жұмысты күшейтуге назар аударды. Соның ішінде жаңа инвестициялық кезеңді бастау керектігін айтты. Инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Әсіресе, өңдеу саласына қаржыны көбірек салуға, осы бағыттағы инвесторларға салықтық жеңілдік беру мәселесін қарастыруға көңіл бөлді.
Экономиканың нақты секторларын қаржыландыруда екінші деңгейлі банктерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Президент банктердің қаражатын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуды тапсырды.
Әлемдік тәжірибені зерделеп қарасақ, көптеген алпауыт елдерде инвестиция мен жаңа технологиялар бір жерде шоғырланып, үлкен индустриялық аймаққа айналады. Қазақстан да осы жолда іргелі істерді қолға алды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс екенін атап өтті. Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру, қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеуді тапсырды. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы геологиялық барлау, өнеркәсіпті өркендету, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, су ресурстарын тиімді басқару, транзит әлеуетін ұлғайту үшін шекарадағы қызмет сапасын күшейтуде де цифрландыру тәсілдерін кеңінен пайдалануға шақырды.
Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек деді.
Тағы бір маңызды мәселе – бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғау. Бұл орайда Мемлекет басшысы тиісті құқықтық базаны жаңғырту керектігіне ерекше мән берді. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Мемлекет басшысының айтуынша, мұның бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Ол үшін заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шығуды тапсырды.
Цифрлық технологиялар біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Сондықтан оның қауіп-қатерлерін де ескеруге тиіспіз. Тіпті, жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыруды мектеп қабырғасынан қолға алып, жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, қоғамда цифрлық мәдениет қалыптастыруымыз қажет.
Сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауатын арттыру да мемлекет назарында. Бұл орайда Президент «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Аманаттықтар бұл игілікті істі әрі қарай жалғастыра бермек.
Жолдауда әлеуметтік қорғауға, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет, бұқаралық спортқа қатысты да біраз ойлар айтылды. Бұл мақсат-міндеттердің бәрі Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін аса маңызды.
Мемлекет басшысы әр сөзінде үнемі «Заң және тәртіп» қағидаты жайлы терең ойлар айтады. Бүгін де бұған ерекше тоқталды. Шыны керек, қазір қоғамда дөрекі әрекеттер мен жөнсіз қылықтар көбейіп барады. Бір-бірін жағадан алып, балағаттау, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері жиі көрініс табуда. Әрине, бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жат қылықтар. Мемлекет басшысы осындай әрекеттерге арнайы мән берді. Біз отаншылдық пен әсіреұлтшылдықты шатастырмауымыз керек. Президент айтқандай, патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Әсіресе, жастарымыз Мемлекет басшысының әр сөзін көкейіне түйіп, шындық пен жалғанның, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата білуге тиіс. Сонда ғана бірлігіміз бекем, еліміз тұтас болады.
Мемлекет басшысы парламенттік реформа мәселесіне де жеке тоқталды. Бұл жайт біраз жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқаны жасырын емес. Президент сол мәселенің тоқетерін айтып, елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Президент бұған асықпай, байыпты, саналы әрі сындарлы түрде келу керек екенін айтып, оны бүге-шігесіне дейін жан-жақты талқылауға бір жыл уақыт берді. Сөйтіп, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды.
Егер халық қолдап, бір палаталы Парламент құрылатын болса, партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деді Мемлекет басшысы. Бұл қадам партиялар арасында бәсекелестікті айтарлықтай арттыра түседі.
Біздің алған бағдарымыз – Қазақстанды цифрлы мемлекетке айналдыру. Ал оған қол жеткізу үшін Үкіметке «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу жүктелді. Түбегейлі цифрлық жаңғыру халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Жасанды интеллект негізінде қолға алынып жатқан бұл реформалардың бәрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсер етеді.
Жолдауда айтылған әр сөздің, әр сөйлемнің артында халықтың тағдыры, елдің болашағы тұр. Сондықтан бүгінгі Жолдау ұлтымызды ұйыстырып, елімізді біріктіреді.
Бүгінгі Жолдау – Әділетті, Бақуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстан құру жолында жасалған ірі әрі маңызды қадам. Сондықтан жұртшылықтың оған зор үміт артып отырғаны анық.
Идрисова Назым Жоламанқызы
Исатай аудандық ауруханасы директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары