Қадір түні - қасиетті түн

Ораза айында мың айдан да қайырлы Қадір түні бар.

Ол қасиетті Құран Кәрім түскен түн. Биыл сәуірдің 27-нен 28-не қараған түніне сәйкес келіп тұр. Салман (оған Алла разы болсын) былай дейді. «Шағбан айының соңғы күні Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау - басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады», - деді».

Айша (р.а.) анамыз: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер», - деген хадис жеткізген. (Бұхари, Мүслим, Тирмизи)

Ибн Аббастан (р.а.): «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер», - деген риуаят бар. (Бұхари, Мүслим)

Омар (р.а.): «Қадір түні қашан екенін кім біледі?» - деп сұрағанда, Ибн Аббас: «Бұл – жиырма жетінші түн», - деп жауап берген екен». (Ахмед) Мұғауиядан (р.а.) келген хадисте: «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер», - деп айтылған. (Табарани)

Құранда «Қадір» сүресінің 5-аятында: «Ол – бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады», - деп айтылғандай, жер бетіне түсіп қайта шыққан періштелердің көптігінен күн сәулесі аз және ақ түсті болып келеді.

Ибн Аббас (р.а.): «Қадір түні – жақсылыққа толы берекет түні. Ыстық та, суық та болмайтын түн. Оның таңында күн әлсіз қызыл түсті болып атады», - деп риуаят етеді. (Байқаһи)

«Убай бин Кағб (р.а.) Қадір түні жиырма жетінші түн деп ант етті. Мен (Зурр бин Хубайш): Уа, Әбу Мунзир (Убай бин Кағб)! Неге сүйеніп айтып отырсыз? – дедім. Ол: «Алла елшісі (с.ғ.с.) айтып кеткен белгісі бар. Қадір түнінен кейін күн шуақсыз атады», - деген. (Мүслим, Тирмизи, Ибн Мажаһ, Әбу Дауд)

Жеңіс СИСЕНБАЕВ

Исатай ауданы «Зинеден ата» мешітінің бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521