Қадірлі ағайын, ардақты ата-аналар!

Соңғы уақытта мектеп жасындағы балалардың қатысуымен өңірімізде келеңсіз жайттар, оның ішінде мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік, электронды темекіні тұтыну, мектепті жалған «бомбалау» сияқты фактілер болды.

Осы оқиғалар мені бей-жай қалдырмады. Себебі бала тәрбиесі баршамызға ортақ. Сондықтан осы жерде өз ойымды білдіруді жөн санадым.

Біріншіден, бұған бір жағынан «балалықпен, білместікпен жасаған болар» деп қарауға болар еді. Бірақ қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Бұл бала тәрбиесі әрбір отбасынан бастау алатынын көрсетеді. Сондықтан ата-аналарға айтарым: балалардың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Осы жұмыстарды бірге атқарайық. Үйде балалармен тұлға ретінде сөйлесіп, электронды темекінің денсаулыққа зиян екенін түсіндіріп, мектепті жалған «бомбалау» сияқты әрекеттердің артында заң бұзушылық тұрғанын және оның жауапкершілігі бар екенін санасына сіңіру керек.

Екіншіден, кәсіпкерлерге, дүкендегі сатушыларға үндеу жасаймын. Бүгін сіздер пайда табамын деп біреудің баласына темекі өнімін сатарсыз, ертең сіздің де балаңыз сол кеселді барып басқа біреуден сатып алмасына кім кепіл?! Біз бұлай бір-біріміздің баламыздың болашағына балта шаппауымыз керек!

Әрине әр дүкеннің алдына, әр балаға қадағалаушы қоя алмаймыз. Мәселені олай шешу мүмкін де емес. Бір ғана жолы бар. Ол тәрбие арқылы, әр баламен түсіндіру жұмысын бірге жүргізе отырып шешуге болады.

Кез келген мәселеде Заң үстемдігі орнайды. Егер құқық бұзушылық фактілері дәлелденген жағдайда заң аясында тиісті шаралар қолданылады.

Қадірменді ұстаздар!

Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаған. Жоғарыда айтылған мәселелер мектеп басшылығы, мұғалімдер қауымы жауапкершіліктен босатылады дегенді білдірмейді. Мектеп қабырғасындағы жауапкершілік бізде. Сондықтан бәріңізді бала тәрбиесіне келгенде қызметтеріңізге адал әрі жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Себебі біз қазір балаға қандай тәрбие берсек, болашақта сондай қоғам қалыптастырамыз.

Салаға жауапты орынбасарым Жасұлан Орақұлына тиісті тапсырма бердім. Алдағы уақытта ата-аналардың қатысуымен тәрбие сағаттарын жиі өткізуді тапсырдым. Бұл ата-аналардың мектеппен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп, балаға ықпал етуіне жол ашады.

Сонымен қатар облыстық білім беру басқармасы мектептерде бала тәрбиелеудегі ұлттық құндылықтардың маңызын түсіндіретін оқушылардың қатысуымен ашық сабақтар, түрлі тақырыпта пікіралмасу алаңдарын ұйымдастыруы қажет.

Сөзімді қорыта келе, бәрімізді ұлт болашағы - балаларымыз үшін бірлесе жұмыс істеуге, тәрбие беру бағытындағы істерді жұмыла атқаруға шақырамын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521