«Қамқордың» қамқорлығы көп

Ауданда «Қамқор» қоғамдық қайырымдылық қоры демеушілер есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға түрлі бағытта көмектер, қолдаулар көрсетіп келеді.

Әлеуметтік жағынан көмекке зәру отбасылар аз емес. Оларға жәрдемдесу, көмек қолын созу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы бағытта қорға кәсіпорын, мекеме ұжымдарынан 2021 жылы 3 миллион 169 мың 019 теңге қаржы түсті.

9-мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлерге, мереке қарсаңында аз қамтылған 7 отбасына қажетті азық-түлік алуға құны 30 мың теңге тұратын сертификат берілді. Жалғызбасты, мүгедек, аз қамтылған отбасыларын рухани қолдау мақсатында облыстық «Атырау», аудандық «Нарын таңы» газеттеріне 60 отбасын жазуға 166 мың 565 теңге қаржы бөлінді.

Аққыстау ауылының тұрғыны көпбалалы ана Ж.Нағимованың өтінішіне сәйкес, Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінде оқитын қызының оқу ақысын төлеуге 75 мың теңге, зейнеткер, аз қамтылған отбасы З.Меңдигалиеваға газ есептегішін (счетчик) алмастыруға және азық-түлік алуға 40 мың теңге көмек көрсетілді.

«№4 Исатай ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» мемлекеттік мекемесінің даму мүмкіндігі шектеулі балаларға «Төрлет, төрлет Жаңа жыл!» атты ертеңгілігіне 80 балаға жаңажылдық сыйлықтармен көмектесу үшін 160 мың теңге қаржы бөлінді.

Осындай игі істердің атқарылуы қаражатқа байланысты. Олай болса, демеушілік көрсетуде белсенділік танытқан мектеп, балабақша, мәдениет саласындағы ұжымдарға ризашылығымызды білдіреміз.

Алға қарай да әлеуметтік бағыттағы жұмыстарымыз жалғаса бермек.

Эльза АҚЖІГІТОВА,

 «Қамқор» қоғамдық қайырымдылық қорының төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT