Қаңғыбас иттерден қауіп сейілмей тұр

Қазір көшеде иесіз жүрген иттер көп.

Бұл - тұрғындарды көптен бері мазалап жүрген мәселе. Әлі күнге дейін түбегейлі шешімін табар емес. Өткен жылы қаңғыбас иттер малға шауып, азын-аулақ жандық асырап отырған жандардың біраз мазасын алған еді. Биыл да ондай оқиғалар қайталанып жатыр. Тұрғындар малдан гөрі «мектепке бара жатқан балаларға зиян тигізе ме?» деп алаңдайды. Мәселен, жуырда қаңғыбас иттер тұщықұдықтық Жанар Төлекенованың қорасына түсіп, екі қозысын талап, жаралап кеткен. Нәтижесінде, жарақатының салдарынан біреуі екі-үш күннен кейін өліп қалған.

- Бұрын көшеде жүрген малға шабатынын еститін едік, енді ауламыздағы қорада ұстап отырған малымызға шауып, өлтіріп кетті, қораға қалай түскенін де білмеймін. Біздер барғанда адамнан да қашпайды, - дейді ол.

Жалпы бұрын қаңғыбас иттерді жоюға қаржы қаралып, оларды аттырып, санын азайтып отыратын. Байқауымызша, қазір ол жұмыстар да жүргізілмейді. Бұл жөнінде аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметов түсінік берді. 2021 жылдың 30-желтоқсанында Қазақстан Республикаласының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» №97-VІІ Заңы қабылданып, 2022 жылдың 2-наурызынан бастап күшіне енген. Жалпы бұл заңда бұрын-соңды заңнамамен қамтылмаған құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің негізгі қағидалары белгіленген. Онда үй жануарларын ұстау мен серуендетудің, оларды есепке алу мен тасымалдаудың ережелері, есепке алынатын үй жануарларының, тұрғын үйлерде ұстауға тыйым салынатын және ерекше жауапкершілікті қажет ететін үй жануарларының тізімдері белгіленген.

- Жаңадан күшіне енген заңға сәйкес, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында оларды жоспарлы аулап жойып отыруға тыйым салынады. «Қаңғыбас жануарлар адам мен өзге жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жағдайда ғана аулап-жоюға жатады» делінген. Басқа жағдайда бос жүрген жануарлар ауланып, ұстағаннан кейін арнайы орынға қамалып, екі айға дейін иесі табылмаған жағдайда ғана жойылуы мүмкін. Сондай-ақ, қаңғыбас жануарларды аулаумен жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік емес заңды тұлғалар және мемлекеттік ұйымдар айналысады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қаңғыбас жануарлардың уақытша ұстау орындарын салуы тиіс. Заңның қабылданып, күшіне енуіне дейін дайындық жұмыстары жүргізілмеді. Қаржы бөлінбеді. Аталған құрылыстар салынбады. Айналғанда тығырыққа тірелдік. Өзектілігі барлық деңгейде қаралып жатыр. Бұралқы иттер мен мысықтарды аулап жоюдың басты мақсаты санитарлық тазалықты қамтамасыз ету болатын. Енді ол тек санитарлық тазалық емес, адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі проблемасына айналып отыр, - дейді маман.

Ол аз болғандай, аталған заңның күшіне енгені туралы жазған Egemen.kz. сайтында Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарды мертігуге әкеп соқтырған қатыгездікпен қарағаны үшін 120 АЕК-ке дейін (367 560 теңге) айыппұл салу не түзеу жұмыстары не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамау көзделетіні, егер қатыгез қарым-қатынас нәтижесінде жануар қайтыс болса, онда мұндай әрекет 200 АЕК-ке дейін (612 600 теңге) айыппұл салуға, не түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатыны хабарланған. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік жануарларға қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінсіз қатыгез қарау жағдайында көзделген. Бұл жағдайда жеке тұлғаларға 5 АЕК (15 315 теңге), лауазымды тұлғаларға 10 АЕК (30630 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған әрекет үшін айыппұлдар төрт есе артады. Сонда қаңғыбас иттер қорадағы малына шауып, зардап шеккендер кімге шағымданады, бұл мәселенің жақын арада шешілетін сыңайы жоқ секілді. Күшіне енген жаңа заң бойынша қаңғыбас иттерге де құрметпен қарауға тура келіп тұрғандай.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521