Исатай ауданында жыл озған сайын жаңғыра түскен елді мекендердің бірі - Аққыстау ауылының Қаратүбек мөлтекауданы.
Соңғы уақыттағы салынып жатқан құрылыстарының көптігімен де ерекшеленетін елді мекенде биыл ішкі жол құрылысы қолға алынды. Аққыстау ауылдық округі мамандарынан алған деректер бойынша ұзын саны 540 тұрғыны бар қоныста күзгі-қысқы уақыттағы қарлы, жаңбырлы күндері адамдардың қара жолдағы қара балшықтан жүріп-тұруының қиындығы «әттеген-ай» дегізіп келгені жасырын емес. Тіпті, жеңіл көлік мінген үлкен-кіші қара жолдың дегдуін күтіп дегбірі қалмайтын.
Енді міне, биыл осынау мөлтекауданға асфальт жол төсеу жұмыстары нақты қолға алынып, нәтижесін көрер уақыт та жақындады. Күні бүгін мөлтекаудандағы бес көшеге белгіленген, ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын жол салу жұмысы аяқтала келді, онымен «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда, тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
- Қазір белгіленген жұмыс көлемі аяқталуға таяу. Асфальт жолдары төселді, енді жол жиегі жұмыстары жүруде, - деді бізге аталған бөлім басшысы Айдарбек Зиноллаев.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР