Қаратүбектегі су жаңа лицей мектепке ауыстырылуы мүмкін

2018 жылы құрылысы басталған Аққыстау ауылындағы 100 орындық жатақханасы бар кәсіптік лицей құрылысы аяқталып, қазіргі кезде материалдық-техникалық базасы жасақталуда.

Бұл мақсатқа 1,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Жұмыс сапарында ғимаратты аралап көрген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов білім ошағының сапасына риза болды.

- Әйтсе де бір ғана мәселе қолбайлау болып тұр, - деген Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев аталған ғимаратты тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды.

ish-min

Аудан әкімінің сөзінше, бүгінде Қаратүбек елді мекенінен Аққыстау, Абай, Өркен мектептеріне барлығы 434 бала тасымалданып оқытылады екен. Сол себепті аталған мектептерде бала саны артып, өзінің сыйымдылығынан бірнеше есе көп бала қабылдап оқытуға мәжбүр. Жылдан-жылға көбейіп келе жатқан халық саны есебіне жүгінсек, алдағы жылдары бұл мәселе шешілмесе үш ауысымдық жүйеге көшу қаупі де бар. Сондықтан мына мәселе облыс әкімінің алдына ұсынылды:

1. Кәсіптік лицей ғимаратын жалпы білім беретін жаңа мектепке ауыстыру.

2. Өркен мектебінің сыйымдылығы 220 оқушыға арналған, дегенмен Қаратүбектен 142 оқушы тасымалданып оқытылатындықтан және басқа бала санының артуы есебінен қазіргі кезде 442 оқушы білім алады. Егер Қаратүбектің балалары жаңа мектепке ауысатын болса, Өркеннің өз күші өзіне тиесілі болатындықтан, оған қосымша жапсаржай салу мәселесі күн тәртібінен түседі.

3. Абай атындағы орта мектеп базасындағы тест орталығын жаңа мектепке көшіру. Сол кезде тест орталығына тиесілі 11 кабинет босайды. Сонымен бірге жыл бойына жүргізілетін тест тапсыру, дайындық жұмыстары кезінде түлектерді жатақханаға уақытша орналас-тыру мүмкіндігі болады.

4. Х.Ерғалиев ауылындағы интернат ғимараты да ескіргендіктен, жөндеу жұмыстарын жүргізуге техникалық мүмкіндік жоқ. Одан да интернатты жаңа мектеп жатақханасына көшіру керек. Ол да болса жаңа интернат салу мәселесін күн тәртібінен алады. Бюджеттің ақшасы үнемделеді.

Бесінші мәселе, Қаратүбектің балалары орталыққа сабылмай, өз мектебінде оқиды. Қосымша жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі өңір басшысына және облыстық білім басқармасы басшысына аталған мәселені зерделеп, толықтай зерттеп, бір шешімге келген соң баяндауға тапсырма берді.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT