Қарттары қасиетті Қамысқалам!

Қазақта «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді» деген қанатты сөз бар. Қарияларды сыйлау –ата-бабамыздан  бері келе жатқан асыл да ардақты адами қасиеттердің бірі. Ардагерлер-асыл қазынамыз. Аға буын қиын-қыстау кезеңдерде  елін, жерін  қорғап, атадан балаға жалғасқан ұлт құндылықтарын  ұрпағына жеткізіп келеді. Аға ұрпақтың көрегенділік пен бай тәжірибелері  кейінгі буынның ақиқат жолдан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.

Өткен аптаның  жұма  күні  Х.Ерғалиев ауылының  мәдениет  үйінде  Қамысқала ауылдық округі әкімдігі мен ауылдық бастауыш ардагерлер  кеңесі қызметкерлерінің  бірлесіп ұйымдастыруымен ауыл ардагерлерінің «Қарттары қасиетті  Қамысқалам!» атты ауыл ардагерлерінің форумы болып  өтті. Форум басталмас бұрын оған келген қонақтар  мәдениет үйі алдында тігілген киіз үй ішінде ауыл шаруашылығы көрмесі мен Х. Ерғалиев атындағы музейді аралап, тамашалады. Ұлттық мерекеге тұспа-келген ауыл ардагерлерінің форумы өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Форумға ауданымыздың барлық округтерінен қонақтар келді.

Көп ұзамай сахнаға көтерілген  жүргізуші  Мақсот Ислат:- Қазіргі қиын-қыстау кезеңде  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев асқан көрегендік  пен батылдық танытып, қауіпсіздігімізді сақтау үшін билікті өз қолына ала білді. Әйтеке би сияқты әрі би, әрі қолбасшы бола білді,  алмағайып кезде  алынған  оң шаралар арқасында елдігіміз аман қалды десе де болады. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін бастан  өткізген, қатерлі өмір түйткілдеріне тоқтау айта білетін аға ұрпақ-қарияларымызды бүгін елдің ұйытқысы, ақылшысы, арқа сүйер асқар тауы деп қадірлейміз. Сонымен қатар өскелең ұрпақтарға елі және туған жері үшін жастық жігері мен күш -қуатын сарп еткен өздеріңіздей аға буынды таныстырып, насихаттау мақсатында ауданымыздың қара шаңырағы-ауылымызға шақырып отырмыз, дей келіп, ол бүгінгі форумның спикерлері Қамысқала  ауылдық  бастауыш ардагерлер  ұйымының төрағасы, ұстаз, мемлекеттік қызмет ардагері  Бекболат Мусинді, ауыл шаруашылығы саласының ардагері  Қалидолла Қадырұлын, ауылдың бас дәрігері,  Исатай ауданының Құрметті азаматы Күләш Нұрманованы, зейнеткер ұстаз Нұралы Сиғуатовты сахнаға шақырып, оларға сөз берді. Спикерлер өз кезегінде  соңғы жылдары елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси жағдайлар мен  жаhандану дәуіріндегі ел болашағы жастарымыздың тәлім-тәрбиесі  туралы, бүгінгі аға буын ардагерлердің алдында көптеген  маңызды міндеттер түрғаны жайында өткір-өткір ой-пікірлер  қозғап, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

 

ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ӨСІП-ӨРКЕНДЕУДІҢ КЕПІЛІ

Алдымен  сөз кезегін алған спикер Қамысқала  баста-уыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бекболат Мусин өз ойын былайша сабақтады: -Өздеріңізге белгілі соңғы екі жылға жуық уақыт бүкіл дүниеге таралған, жалпы адамзат дамуына елеулі кедергі келтірген, орасан зор зардаптар берген  пандемияның әсерінен ел мен халық арасындағы қалыпты байланысымыз сирексіп кетті. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Осы жылдар ішінде баршамыздың ортақ үйіміз Қазақстанда да көп жағдайлар болып жатқанын сіздер мен біздер көріп те, сезініп те отырмыз.

Экономикалық дамудың биік шыңына шыға қоймаған, дамушы елдер  қатарындағы еліміздің ішкі жағдайында көптеген қиыншылықтар пайда болды. Бағаның, әсіресе азық-түлік пен жанар-жағар май, газ бағаларының  шарықтап кетуі өздеріңізге мәлім, қаңтар оқиғасына әкеліп тіреді. Дүниеде болып жатқан геосаяси жағдайлар, Ресей-Украина соғысы, осы соғысқа байланыс-ты Ресей мемлекетіне Батыс пен еуродақ тарапынан салынған санкциялар жағдайдың тұрақтануы әзірге қашықта екеніне көзімізді жеткізді.

Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекетіміздің басшысы Қасым –Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Үкіметіміз дағдарысқа қарсы шаралар ұйымдастырып, біршама жұмыстар жүргізуде.

 Біздер қарапайым ауыл тұрғындары мемлекеттік саясатпен тікелей айналыспасақ та болып жатқан оқиғаларға сын көзбен қарап, бақылаушы ретінде  бұқаралық ақпарат құралдары, телехабарлар мен әлеуметтік желілер арқылы біліп отырамыз. Әрине мемлекет саясатының бүге-шігесін толық түсініп, қабылдай қою оңай шаруа емес.  Оны бізге түсіндіріп жатқан ақпараттық насихат түсінік жұмыстары да жеткіліксіз.

Нәтижесінде адамдар арасында түсінбеушіліктен келіп туындайтын алып- қашпа, бос әңгімелер тарайды. Әрине, олардың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы тарайды. Әлеуметтік желі адамдардың кәрі-жасын талғамайды. Яғни, ол ортада кәрі адамдар мен жастар аралас жүреді. Күні бүгін еліміз өз болашағының жарқын болуы, ұрпақтарымыздың баянды бейбітшілік жағдайында алаңсыз бақытты ғұмыр кешуі үшін үлкен таңдау, нақты шешім алу қарсаңында отыр. Ол, әрине 20 қараша күні өтетін кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің  сайлауы.

Елдің жарқын болашағы үшін қоғам азаматтары бір кісідей ұйымшылдықпен өз таңдауын жасауы маңызды. Алдыңғы буын ағалардың да қалауы осы.

Қариялардың өмір жолдары, елдің болашағы, ұрпақтардың тәрбиелі де білімді, мәдениетті болып өсуі тұрғысында жасаған жұмыстары тұрғысында ұзақ айтуға болады. Бірақ оған уақыт қысқа. Социалистік Еңбек Ері Мұхиден Қалиев, қос Ленин орденді ұстаз Хамидолла Нәубетов, Ленин орденді шопан Жұмабай Мүтиевтер бастаған ардақты қарияларымызды күні бойы атасақ та тауыса алмаймыз. Бүгінгідей алмағайып заманда елдің ел болып қалуы, жас ұрпақтың текті бабалар өсиеті негізінде халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, еңбектегі озық тәжірибесін басшылыққа алып, болашаққа нық қадам басуы, әр түрлі теріс бағыттағы діни бірлестіктердің, сепаратистік пиғылдағы әрекет етушілердің жетегіне ілесіп кетпей, ақырын жүріп, анық басуы үшін ардагерлер ұйымының алдында орасан зор міндеттер тұр. Біз ауыл ардагерлері осы тұрғыда күндіз-түні тынымсыз  жұмыс жасауымыз керек. Әрине басты жұмыс әрбір шаңырақта, әр отбасында бастау алуы керек.

Дейтұрғанмен, баяғы өткен замандағы ауыл қартының “тәйт” дегеніне тоқтай қоятын жастар  бұл күнде жоқ екенін де есте ұстауымыз керек.Қазір қариялардың өткен өмірі, көрген қиындықтары, жасаған іс-әрекеттері тұрғысында айтқан әңгімелерін тыңдағысы келмейтін, тыңдаса да түсініп, қабылдай алмайтын жас буын өмір сүруде. Оған әрине қариялар да, сәйкесінше жас буын өкілдері де кінәлі емес.Бұл осы тұрғыдағы идеологиялық жұмыстың жоқтығынан туындаған жағдай. Бұрын бір ғана сериалы киноны көріп шыққанда, адам көптеген тәрбие алатын еді. Болмаса бір кітап оқып шыққаннан кейін қаншама әсер де болатын едік.

Ал қазір ше? Жыл , он екі ай таусылмайтын пайдасы жоқ сериалдар, атыс-шабыс не түрлі қатыгездікті насихаттайтын боевиктер, әлеуметтік желідегі жөнсіз былапыт әңгімелер, порно видеолар бізді балаларымыздан бөліп алып бара жатыр. Ал осы үрдісті біз ауыл ақсақалдары тоқтата аламыз ба? Өкінішке қарай, жоқ. Бұл ретте дәрменсізбіз десек  артық емес. Не істемек керек? Дүниеден баз кешіп, екі қолды төбеге қойып өтсек, болашақ ұрпақтарымыздың алдына кінәміз көбейіп кетері хақ. Сондықтан бір кішкентай ауылдың кішкене ғана бастауыш ардагерлері ұйымы атынан үн қатайық. Мүмкін үніміз көрші ауылдар, аудан, облыс, ел көлемінде жалғасын табар деген ниетпен осы форумды ұйымдастыруды жөн деп таптық. Жас ұрпақ тәрбиесі, ауыл экономикасы, денсаулық тұрғысындағы ой толғамдар келесі спикерлердің әңгімесінде жалғасады. Ендеше патша көңілді тыңдарман қауым, пікір жалғастыру өздеріңізде,-деді ол сөзінің соңында.

 64931c43-323f-4cd6-868d-79711ee2a8c7

ТУҒАН ЖЕРДІ КІМ ТҮЛЕТЕДІ?

Спикер Қалидолла Қадыров ауыл шаруашылығы саласының ардагері болғандықтан бірден әңгімесін бүгінгі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты кейбір қордаланып қалған өзекті мәселелерден бастады.

Оның айтуынша, қазір ауылдардың  әл-ауқаты бұрынғыға қарағанда, едәуір көтеріліп, тұрмыс жағдайлары жақсара бастаған. Десек те ауылдарда біраз өзекті мәселелер бар екен.  Айталық, біріншіден, ауылда жұмыс жоқ. Екіншіден, ата-аналар балаларын қалалық жерде оқытуды қалайды.Атакәсіпке адалдық танытушы жастар қатары күннен-күнге азайып барады.Сол себепті оларда туған жерді өркендетуге, түлетуге деген ынта байқалмайды. Жеке қожалықтар баршылық. Бірақ өздерімен өздері. Тіпті олар мал бағудың қазақ дәстүріндегі технологиялары мен әдіс-тәсілдерінен алшақтап кеткен. Қысы-жазы бір жерді шиырлай береді. Өзекшелер мен каналдар айналасын күтіп үстау, олардың су қорын сақтау, бассейндердің тазалығын сақтау тұрғысында жеткілікті ойланбайды. Мал бағудың жаз жайлау, күз күздеу, қыс қыстау әдістерін де дұрыс пайдаланбайды. Нәтижесінде жер тозуда. Сондай-ақ халықты мал өнімдерімен қамтамасыз ету жұмыстары жасалмай отыр. Тек жәрмеңке болғанда ғана тауарларын әкеледі. Көпшілігінде мал сауылмайды. Қаншама сүт-шұбат, айран, сүзбе, қаймақ, қымыз ысырап болуда. Айналып келгенде астында көлігі бар, алдында үйір-үйір жылқысы бар, табын-табын сиыры, келе-келе түйесі бар ауқатты жандар көбеюде. Бірақ олардың «Бай болсаң, елге пайдаң тисін» дегендей, жетім-жесірлерге, күнелтісі төмен адамдарға қайырымдылығы мен қамқорлығы жеткіліксіз. Мысалы, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек алушы, ақылы қоғамдық жұмыс жасаушыларды шаруа қожалықтарына бір-екі-ай мерзімге, мал саууға, қой қырқуға, төл алу жұмыстарына неге жұмсамасқа?! Жұмыссыз жастар бірігіп, егін ексе, мектеп оқушыларын еңбекке баулыса, техника тілін меңгерсе, керемет емес пе?! Бүгінгі жастардың бәрі әкім болғысы келеді. Сонда ауылды кім түлетеді? Соны ойланайықшы, құрметті ағайындар, ардақты қариялар, ата-аналар! Елдігімізді сақтау- өз қолымызда екенін ұмытпауымыз керек, -деген ол сөзін түйіндеді.

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ –ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Ал спикер Исатай ауданының Құрметті азаматы Күләш Нұрманова ұрпақ саулығы басты назарда болу керек екенін қаперге берді.-Біз қазір жаңарған ғасырда өмір сүріп отырмыз. Алайда осы жерде айта кететін бір нәрсе бар. Соңғы жылдары жаhанданудың жойқын процесі перзенттерімізге қатты әсерін тигізуде. Әсіресе, жас ұрпақтың денсаулығы басты назарымызда болу керек. Соңғы бір айдың турасында бүкіл елге электронды темекі тартып, тәртіпсіздіктерімен республикаға танылған атыраулық мектеп оқушыларының іс-әрекеті ата-ананы да, қазыналы қарттарымызды да бей-жай қалдырмады. Егер жайбарақаттыққа салынып, 6-7 сынып балалары шалалық жасаған ғой десек, бұл болашақта қасіретімізге айналатын нағыз рухани апат болмақ. Электронды темекінің зияны, оған тәуелді болу-болашақ ұрпақтың азғындауына, денсаулығы мен болмыс-ділінің бүлінуіне әкеп соқтыратынын санасы ояу кез келген адам біледі деп ойлаймын.

Тағы бір дабыл қағардай айта кететін өзекті мәселенің бірі –балапандарымыздың ұялы телефонмен ұзақ уақыт өткізуі. Ұл-қыздарымызды телефонға тәуелді қылып қойдық.  Соның нәтижесінде телефонсыз жүре алмайтын, ұлының ойыны мен бейнероликтерінсіз ұйықтай алмайтын балалар көбейді. Әке мен шешенің, ата мен әженің емес, телефонның айтқанымен өмір сүретін робот балалар пайдаболды. Тіпті, осындай сүреңсіз дүниенің арқасында республикамызда балалар арасында суицид жасау фактілері де тіркелді. Міне осындай келеңсіз жағдайларға осы бастан мән беруіміз керек. Ұрпақ денсаулығына бәрімізде алаңдауымыз қажет. Әйтпесе кеш қаламыз. Сондықтан жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата-әже, ата-ана, мектеп, қоғам болып, дана да, ізетті, білімді, дені сау ұрпақ өсіруге бірлесе жұмылуымызға тиіспіз,-деді ол.

19dd78e9-555d-4000-b962-0c1d978df647

 

БІЛІМДІ ЖАСТАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Зейнеткер ұс-таз Нұралы Бисекенұлы сөз сөйледі. Ол «Жас ұрпақ ата-баба өсиетіне лайықты тәрбиелеу - өткен мен бүгіннің ұштастырылған тәжірибесі негізінде жүзеге асқан» деген тақырыпта баяндама жасады. Нұрекең білім саласында соңғы отыз жыл ішінде жасалған  реформалар мен оңтайландырудың және қазіргі жаңашылдықтардың жетістіктері мен кемшіліктерін жіпке тізіп берді. Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруде үлгі-өнеге болған, өз ісінің адал ұл-қыздары, аға буын ұстаздары Зинетолла Қарабалин, Ұлыш Сапарғалиева, Ақзира Суханова, Өтепқали Зұлқашев, Бақыт Қыдырова, Қалима Бахитова, Мұқсина Мұхтарова, Мәнсия Сидахметова және тағы басқа мұғалімдерді мақтаныш ететінін тілге тиек етті.  Сондай-ақ ол жас ұрпақты тек мектеппен  емес, еңбекпен баулу арқылы да тәрбиелеуге болатынын, ата-баба өсиетіне адал,иманды, саналы, білімді ұрпақ өсіру өте жауапты іс екеніне форумға қатысушылардың назарын аударды.

Спикерлер сөзінен кейін форумға қатысушыларға Қамысқала бастауыш ардагерлер ұйымының «Қарттары қасиетті Қамысқалам!» атты форумның ауыл халқына Үндеуі оқылды.

Бұдан соң пікір білдірушілерге кезек берілді. Мінберге ең алдымен Мәди Өтеғалиев көтеріліп, бүгінгі форумның мән-мақсат, тәрбие мәселесі қай қоғамда да маңызды екенін айта келіп, өз ойымен бөлісті.- Биыл Қамысқала ауылының негізгі қаланғанына  240 жыл толды. Біз осы Қамысқаланы жырға қосқан Х.Ерғалиевпен мақтануымыз керек. Неге? Өйткені Хамаңның өр мінезді жырлар арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Сондай-ақ екі ғасыр болған Қамысқала туралы кітап шығаруымыз қажет. Осыған жаңа Қазақстанның қариялары атсалысса деген тілек бар менде. Қоғам қайраткері, Индер, Исатай аудандарының және Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов ағамыз форумның кейінгі жас ұрпақ үшін тигізер пайдасы зор екенін айтса, Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны Ибатолла Сәтенов кейбір пікір білдірушілердің ойымен келіспейтінін, ауылды өркендету үшін ауыл шаруашылығын өркендету керек, оған баршамыз үлесімізді қосуымыз керектігін, қамысқалалық ардагер  қарттарымыз несімен қасиетті екенін, сондай-ақ бір кездері Новобогат (қазіргі Қамысқала) ауданында ел басқарған азаматтар мен білім саласында еңбек еткендерді,  қарапайым еңбек адамдарының есімдерін ерекше мақтаныш ететінін, бүгінгі жастар руханиятпен, спортпен айналысып, осылардан үлгі алулары тиістігін баяндай келіп,  сөзінің соңын Хамит Ерғалиевтің бір шумақ өлеңімен аяқтады. Осы жерде бір айта кететін жайт форумға еліміздің, аймағымыздың өркендеп дамуына үлес қосқан бір топ жерлес қоғам қайраткерлері мен құрметті азаматтар, депутаттар, өнер майталмандары, бөлім, өндіріс, ұйым, шаруа қожалығының  басшылары, сала ардагерлері қатысып отырды. Форумның соңында көптеген ардагерлер мен қариялар, көп балалы аналар, еңбек ардагерлері, мерейлі жасқа толғандар,  облыстың «Ардақты ардагері» Алтын белгісімен, халық қаhарманы және қоғам қайраткері, офицер ұшқыш Хиуаз Доспанованың медалімен, Атырау облысының «Ардақты Ана» Алтын белгісімен, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» медалімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық мәслихат хатшысының  Алғыс хатымен, Қамысқала ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ шара қорытындысында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафихат Тажиденова барша ауылдастарға алғыс сезімін білдірді.

                                                                             

Аяпберген САЛИХОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521