«Qazaq Digital Mektebi» жобасы – заманауи білім беру жүйесінің жаңа белесі

 

Президенттің тапсырмасына сәйкес, қашықтан оқыту әдісі мен жасанды интеллект технологияларын үйлестіре отырып, заманауи білім беру платформасын қалыптастыру – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Осы орайда ұсынылып отырған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы – Қазақстанның білім беру жүйесінде жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.

Бұл бастама ең алдымен сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда ел ішінде аймақтар арасындағы білім беру деңгейінде елеулі алшақтықтар байқалады. Ауылдық жерлер мен шағын елді мекендерде білікті мұғалімдердің жетіспеушілігі, инфрақұрылымның әлсіздігі, оқу материалдарының жеткіліксіздігі сынды мәселелер бар. «Qazaq Digital Mektebi» платформасы осындай кедергілерді жойып, барлық оқушыға тең дәрежеде сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Жоба шеңберінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйелер оқушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып, бейімделген оқу траекторияларын ұсына алады. Бұл білім беру үрдісін жекелендіруге, оқушының қызығушылығы мен деңгейіне қарай тиімді материалдар ұсынуға жол ашады. Сонымен қатар, мұғалімдер үшін де бұл құрал үлкен көмек – олар оқушылардың үлгерімін нақты әрі объективті бағалап, кері байланысты дер кезінде бере алады.

Қашықтан оқыту мүмкіндіктері – пандемия кезеңінде өзінің тиімділігін дәлелдеген бағыттардың бірі. Дегенмен, бұл жүйені одан әрі жетілдіру, оны тұрақты және сапалы платформаға айналдыру – «Qazaq Digital Mektebi» жобасының негізгі міндеттерінің бірі. Бұл тек уақытша шара емес, керісінше болашақтың білім беру форматы ретінде тұрақты қолданысқа енгізілуі тиіс.

Сонымен бірге, цифрлық мектеп инфрақұрылымның дамуына да серпін береді. Оқу үдерісіне қосылатын жаңа технологиялар – интернет сапасын жақсарту, құрылғылармен жабдықтау, бағдарламалық қамтамасыз етуді жетілдіру секілді кешенді өзгерістерді талап етеді. Бұл өз кезегінде еліміздің цифрлық әлеуетін арттырып, жалпы қоғамның технологиялық сауаттылығын нығайтады.

Қорытындылай келе, «Qazaq Digital Mektebi» – тек білім саласына емес, бүкіл елдің дамуына әсер ететін стратегиялық бастама. Ол болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына, сондай-ақ білімдегі теңсіздікті жоюға бағытталған маңызды қадам. Бұл жобаны жүйелі түрде іске асыру – Қазақстанды жаңа білім беру деңгейіне шығарады деп сенеміз.

 

Айгүл АДИЛОВА,

Зинеден ауылының әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT