Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылындағы «Қазақ елі» саябағын бүлдіргендер анықталды.
Қараша айының 13-інен 14-іне ауған түні бір топ аудан жастары Аққыстау ауылындағы «Қазақ елі» саябағының ою-өрнек мен монументтердің маңындағы кафельдерді қасақана бүлдіріп, кәдімгі жансыз дүниелерде өші қалғандай тепкілеген.
Ол аз болғандай, саябақтың қақ ортасында төсеніш тастардың үстін көлікпен тапалап, қаскөйлік қылған.
Жағдайдың мән-жайын білмек болып Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевпен тілдестік.
- Бүгінде ауданымызда халық игілігі үшін тыңғылықты істер атқарылып жатыр. Соның бірі осы тұрғындар демалуға арналған «Қазақ елі» мәдени-демалыс саябағы. Аққыстаудың орталығындағы дәл осы саябақты басқа ауданның жастары келіп бүлдіріп жатқан жоқ. Бәрі - осы ауылдың жастары, өзіміздің балаларымыз. Барлық мәселе жастардың тәрбиесінде болып тұр. Ата-аналары неге дұрыс тәрбиеге шақырмайды екен, таңым бар, - дейді ауыл әкімі.
Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, бұл тұста ата-аналар отбасында балаларын материалдық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан, бағыт беріп, қоршаған ортаға құрметпен қарауға баулуды да қолға алса, бұндай бұзақылық болмас еді.
Айта кетейік, бейнекамера арқылы бүгінде саябақ мүлкіне зиян келтіргендер анықталып, тәртіпсіз жастармен аудандық ішкі істер бөлімі айналысуда.
Әділбек СЫРЫМОВ