Қой қоздап, қорада шу

Мал шаруашылығы жыл он екі ай тынымсыз тірлік пен қажырлы, асқан жауапкершілікті қажет етеді. 

Ал, қара жердің көбесі сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылардың иығына түсер салмақ та еселене түседі. Атакәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін уақытын да, күш-қайратын да аяп жатқан жоқ. Биыл қыс аса қаһарлы болмаса да, бейнетсіз болмайды, құмдағы елдің бар ойы – қолындағы малын  көктемге аман жеткізіп, дер уақытында төл алу. Бұл жергілікті сала мамандарын да алаңдататын шаруа. Бүгін жылдағы жоспар бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Қыдыржан Ермұханов және Қамысқала ауылдық округі аппараты қаржы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Амировпен бірге Жасқайрат елді мекенін жағалай орналасқан шаруа қожалықтарын аралап, мал төлдету науқанының қал-жайын біліп қайттық.

ebe9b79b-fc9d-4e38-b69a-92a389fe696f

Сала мамандарының 2022 жылдың 1-қаңтарға дейінгі мәліметіне сүйенсек, аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 244 шаруа қожалығы бар. Ал, осы жылдың 1-наурызына дейінгі көрсеткіш бойынша, аудан бойынша 21611 мүйізді ірі қара, 37034 бас қой мен ешкі, 22805 бас жылқы және 8304 бас түйе бар.

Жол бойы Қыдыржан Ермұхановтан аудандағы мал төлдету науқаны жөнінде сұрағанымызда, оның келтірген деректері мынадай болды. Осы жылы аудан бойынша қазіргі күнге дейін 11524 бас аналық мүйізді ірі қара мал болса, одан 9219 бас бұзау, 24128 бас аналық қой-ешкіден 21715 бас қозы-лақ, 12914 бас жылқыдан 7748 бас құлын, 4469 бас аналық түйе малынан 1340 бас бота төлі алынған және мал төлдету науқаны әлі жалғасып жатыр.

a2cdcfa6-4afc-4f55-8543-b78e339cb2f7

Біз бірінші болып ат басын бұрған «Жағыпаров» шаруа қожалығында мал төлдету науқаны қызу жүріп жатты. Шаруа қожалықтың еншісінде төрт-түлік малдың барлығы бар. Қожалық иесі Қамбар Жағыпаров 2000-ші жылдардың басында бауырларымен бірлесе қолға алған кәсібінің жемісіне бүгінде дән риза екенін жеткізді.

- Биыл қыс мезгілі ойдағыдай өтті. Жердің қуаңшылығына байланысты малымыз қысқа арық түскені де жасырын емес. Дегенмен шүкіршілік етеміз. Қазір мал төлдету науқаны жүруде. Балықшы дауылды күні демалса, егінші жауынды күні демалады. Ал, малшы табиғаттың осы екі құбылысында да үздіксіз еңбек етеді. Сондықтан атакәсібіміздің өз бейнеті де жетерлік және соған лайықты да жемісін тауып отырмыз, - деген Қамбар Жағыпаров төрт-түліктің бәрінен де төл алып отырғанын қуанышпен жеткізді.

ed4ef06a-f812-4a84-8aca-90271698c700

Әрине, аудан орталығынан ат терлетіп сала мамандары келіп жатса, малшылар мүмкіндігіне қарай өз қажеттіліктерін айтып, мәселе көтере қалатыны да қалыпты жағдай. Мамандардың басты мақсаты да - малшыларға көмек қолын созу. Шаруа қожалық иесі Қамбар Жағыпаров малды азықпен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қолының жетпей жүргендігін баяндап, соның қандай да бір мүмкіндігін сұрады. Оның айтуынша, субсидия алуға мал басының саны жеткенімен, мал азығын алып-сатуда қағаз жүзіндегі келісім шарттың болмағандығынан мемлекеттік қолдау қарастырылмаған.

fac36c6f-74dc-4a4b-b0b9-33600a8a7812

- Өзімізде мал азығын дайындауға арналған техниканың жоқтығынан біз қажетті жем-шөпті қолдан сатып алуға мәжбүрміз және қажетті азықтың жартысын Орал, Ақтөбе қалаларынан алдырсақ, қалған жартысын Құрманғазы ауданынан алдыртамыз. Оларда қағаз жүзіндегі келісім шарт мүлде жоқ. Ал, мемлекет қажетті субсидияны беру үшін келісім шарттың болуын талап етіп отыр, - дейді шаруагер.

Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген, Қыдыржан Ермұханов бұл мемлекет тарапынан қабылданған талап екенін айтып, келісім шарт жасасудың жолын қарастыруға кеңес берді.

Сапарымыз одан әрі Жасқайрат елді мекенінде қоныстанған «Жасқайрат» шаруа қожалығында жалғасты. Қожалық иесі Асылбек Қазиханов тыныс-тіршілігімен, мал жанның қал-жайымен таныстырды.

- Мал шаруашылығымен айналысқаныма 20 жылға жуық уақыт таяды. Осы жылдардың ішінде төрт-түліктің барлығын жинап үлгердім. Қазір барлығы да төлдеп жатыр, - дейді бізге мал төлдету науқанының барысы жайында баяндаған қожалық иесі.

09de6e13-c60a-4c99-9490-b3f5b9cd0969

Малдың бағымына жиен ағасы көмекке келеді екен. Шаруаның жайын жақсы білетін бұл ағасы да мал төлдету науқанына араласуда. Сүтке тойған қозы-лақ шуаққа ойнақ салып, тез өсетіні белгілі. Сондықтан оларға арнайы күтім жасалып, жем-шөбі салынады. Басқасынан гөрі ірі болғанымен түйенің боталағанына ерекше мән беріледі екен. Әлсіздеу болып жатса, ботасын енесінің бауырына апарып ауыздандырып, жібереді. Бір сүтке тойса, бота аяғынан тұрып кетеді. Басқа да қырдың өзіне тән жұмыстары жетіп артылады.

06d12397-a857-44b9-9da4-f11ea0a502b9

Малды ауыл электр жарығымен де қамтылған. Тұрып жатқан тұрғын үйлері де талапқа сай бой көтерген. Мал шаруашылығына арналған «Нива» автокөлігі де бар. Мұны мал бағудың заманауи үлгісіне баладық.

Бір күндік сапарымыз одан әрі елді мекенді жағалай орналасқан өзге де шаруа қожалықтарында жалғасын тапты. Бір қуантарлығы, біз бас сұққан барлық шаруа қожалық иелері биылғы мал төлдеу науқанының жемісіне дән риза екендерін атап өтті.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521