Исатай ауданы, Аққыстау ауылындағы «Зинеден Құрасұлы» мешітінде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» туралы аудан ақсақалдарымен кездесу өтті.
Оған Атырау облысы Дін істері басқармасының жергілікті ақпараттық-насихат тобының мүшесі, «Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Тлеуов шақыртылды.
Кездесуге аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов, ақпараттық талдау орталығының аудандағы маманы Ерболат Насимуллин, теолог Нұрбол Хаван және ауылдық округтердегі молдалық қызмет атқарушы азаматтар қатысты.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі Атырау облысына қарасты құдайы ас (садақа) мәзірі бекітілген хабарландыруымен таныстырды. Онда дастарханға қойылатын тағам түрлері жазылған. Атап айтсақ, бауырсақ, нан, шелпек, қаймақ, кәмпит, печенье, ыссы тамақтың бір түрі, қант, құрма, су, шәй қоюға рұқсат етілген.
- Өткен жылдың аяғында бекітілген қаулыға сәйкес, ауданымызда да түсіндірме жұмыстары жүруде. Жаназа шығару мен садақа дастархандарына жеті түрлі тағам түрін ғана қойылу рұқсат етілген, біз де ҚМДБ шығарған бұйрыққа бағынсақ, ысырапшылдыққа жол бермесіміз анық, - деді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА