Құмдағы ғаламтор да құнды. Ресейлік интернет неге қымбат?

Жақында аудандағы ауыл шаруашылығы мамандарымен бірге Айбас елді мекеніндегі шаруалардың қонысын аралап қайттық.

Бұл жолы қырдағы елдің қал-ахуалы бізді шынымен таңғалдырды. Бұрын бұнда байланыс құралдарын пайдалануға ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Жақын арада болады деген ой да үш ұйықтасақ түсімізге енбейтін. Сөйтсек, құм өңіріндегі шаруагерлердің басым бөлігі ауыл тұрмақ, әлеммен байланысып отыр екен. Яғни, интернетке қол жеткізген. Бұл сапардағы басты жаңалық – осы.

Рас, бұған дейін Үштаған елді мекеніндегі шаруагерлердің бірі қыстағына интернет орнатқанын газетіміздің сандарының біріне қуана жариялағанбыз. Дегенмен, азғантай уақытта құм өңіріндегі отыздаған үйдің желіге қосылуы - жақсы жаңалық.

Интернет жүйесі, ресейлік құрылғы арқылы іске қосылған. Көрші елдің спутниктік байланысы арқылы тікелей үйлерге беріліп тұрған әлгі құрылғының қабылдағышы кәдімгі өзіміздің Otau.tv сияқты. Желі Ресейдікі болған соң, төлем бағасы да көрші елдің валютасымен есептеледі. Бұл - ай сайынғы төлем арзанға шықпайды деген сөз. Шалғай ауыл тұрғындары осындай байланыстың өз елімізде болғанын қалайды. «Бағасы қолжетімдірек болар ма еді, бір жағынан қаржы да өзімізге түсер еді» дейді олар. Айта кету керек, жеңілдетілген төлем бағасының өзі он мың теңгеден жоғары. Ал қымбаты - 30 мың теңге шамасында.

Заманауи байланыс құралы шаруагерлердің серігіне айналып отыр десек, қателеспейміз. Алысты жақын қылған желінің ауылдан хабар біліп, оны-мұны шаруаларды онлайн шешуге жәрдемдесіп отырғаны өзі алдына, мал шаруашылығына да септігін тигізуде. Мәселен, айбастықтар жоғалған малдарын бірден бұрынғыдай ат-көлікпен іздеп кетпейді. Ортақ онлайн чаттарына хабар берсе болғаны, көрген-білгендер жөн сілтей қояды.

Шәркей елді мекенінің тұрғыны, «Нұрхат» шаруа қожалығының мүшесі Алпамыс Абишев жердің шалғайлығына қарамастан, қойылған интернет желісінің көршілермен хабарласып, ауылдың да амандығын біліп отыруға мүмкіндік тудырып отырғанын айтса, Құсқонбас елді мекенінің тұрғыны Әсел Мажитова балалардың білім алуларына да интернеттің тигізер септігі мол екендігін атап өтті.

- Ауылымызға интернет қосылып жақсы болды. Тұщықұдық ауылымен, Ұштаған елді мекенімен хабарласып тұрамыз. Биылғы оқу жылында балалар онлайнмен оқуға мүмкіншілік алып отыр екен. Оған да қуаныштымыз, - дейді ол.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521