Құмнан селфи. Үштағанға интернет барды

Қазіргі құм өңірлеріндегі ағайынның тұрмыс салты аудан орталығындағылардан кем дей алмайсыз.

Онда жол түсіп барған сайын «Бұндағы шаруаларда ұялы байланыс пен интернеттен басқаның бәрі бар» деп тамсанып қайтатынымыз да содан.

Жыл соңында арнайы іссапармен құм өңірлерін аралаған аудан әкімі бастаған топ ондағы халықпен тілдесіп, мұң-мұқтаждарын сұрағанда, бірі ұялы байланыс, енді бірі ғаламтор қосылса дегендей пікірлерін білдірді. Дегенмен, басшылар таяу арада бұл мәселелердің шешім таба қоймайтынын жасырмап еді. Өйткені, азғантай халқы бар, оның өзі шашыраңқы орналасқан алақұмға заманауи байланыс орнату тиісті компанияларға пайда алып келмейді. Оны компания өкілдері аудан басшысымен тілдескенде басын ашып айтыпты. Содан соң да құм өңіріндегілер жақын маңда интернетке иек арта алмайды-ау дейтінбіз. Олай болмай шықты.

Күні кеше Үштаған елді мекеніндегі шаруагер Бауыржан Жәрдемовтің үйіне интернет қосылды. Бұл сүйінші хабарды Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов жеткізді. Оның айтуынша, бұл Бауыржан ағамыздың мерейлі 60 жасына балаларының жасаған ерекше сыйлығы екен. Білуімізше, құрылғы Ресейден алынған. Ауыл әкімімен су жаңа интернетті пайдаланып, онлайн байланысқа шыққан Бауыржан Жәрдемов құрылғы байланысты америкалық спутник арқылы қабылдайтынын айтқан. Ай сайынғы төлемі 15 мың теңге, ал уатсап желісі қызметі тегін. Яғни, айлық төлемді кешіктірсеңіз де уатсап қызметі тоқтамайды. Сондай-ақ, интернет құрылғыдан 30 метр қашықтыққа дейін еркін қабылдайды екен.

Енді Бауыржан ағамыз үшін ұялы байланыс мәселесі де артта қалды. Тіпті алыстағы ағайынмен құм басында отырып-ақ бейнеқоңырау арқылы жүздесе алады. Үштағандағы шаруалардың төрт түлікпен түскен селфиін инстаграмм желісінен көрсеңіз де таңғалмайсыз енді.

Аудан тарихындағы айрықша жаңалық бізді де елең еткізді. Бұл басқа шаруагерлерге де жұғысты болып, құм өңірі тұтастай интернеттеніп жатса, көп кешікпей үлкен түгіл жастарымыздың жұмыс іздеп қалаға емес, құмға қарай үдере көшкендеріне де куә болуымыз әбден мүмкін.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521