Құстар да екпе алып жатыр

Қазір елімізде тұмаудан қырылған құстардың саны азаймай отыр. Бұлай жалғаса берсе кәсіпорын мен тұтынушы халыққа қиын соғатын түрі бар.

Себебі жұмыртқа мен құс етінің бағасы қымбаттап кетсе, ішкі нарықта тапшылық болып, бюджетке салық түсімі азаяды. Әзірге құс тұмауынан шығынға ұшырағандардың басым көпшілігі еліміздің Солтүстік өңірінен анықталып отыр. Ал ертеңгі күні бұл дерттің бізге де келмесіне кім кепіл? Біз осы сұрақтың жауабын «Атырау облысы Ветеринария басқармасының Исатай аудандық ветеринариялық стансысы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директоры Рахметов Аманжолдан білгенді жөн көрдік.

- Қазір ауданымызда құс тұмауы тіркелген жоқ. Одан құдай сақтасын. Дегенмен, осындай жағдайдың алдын алу мақсатында екпе жұмыстары жүргізілді. Әзірге 1370 бас тауық, 115 бас қаз-үйрек егілді. Тұрғындардың иелігіндегі құс санын нақты есепке бермеуінен айырмашылықтар анықталып, күні бүгінде ауылдық округтер әкімдіктерімен бірлесіп, санын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта нақтыланған сан бойынша қажеттілікке қарай қосымша сұраныс беріледі, - дейді кәсіпорын директоры.

Құс өсірумен айналысып жүрген Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны Ақылбек Қадиров бұл вакцинаның құстарға зияны жоқ екендігін айтады.

- Бүгінгі күні 150-ге жуық тауық асырап отырмын. Жақында ауылдық ветеринария қызметкерлері келіп, барлығына вакцина егіп кетті. Өзім де елдегі жағдайды ескеріп, құстардың күтіміне аса мән беріп келемін. Әзірге тұмаумен ауырғандар жоқ. Ең бастысы қорада ұстап, вакцинаны уақытылы егіп отырса, бұл ауруды жеңіп шығуға болады, - дейді құс асыраушы.

Байболат СҰҢҒАТОВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521