Қысқы мал азығы дайындалуда

Исатай ауданында биыл жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарына 78,1 мың тонна қысқы мал азығын дайындау жоспарланған.

Негізінен мал азығының алпыс пайызы сырттан тасымалданады, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан және Батыс Қазақстан облысынан. Сондай-ақ, өзімізден де көлтабандарға су шығару арқылы лимандық әдіспен, теңіз жағалауынан, құм өңірінен шөп шабылады.

6

Ауданда көлтабандарға су шығару арқылы мал азығын дайындайтын 20-ға жуық қожалық бар, олардың канал суын пайдаланғаны үшін төлейтін қаржыларының 80 пайызы субсидияланады. Қамысқала ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары да шабындыққа шалғы салып бастады. Арнайы шөп шабу үшін жеңілдетілген несиемен трактор сатып алған Абдолов Каким шаруа қожалығы шабындыққа алдағы уақытта жоңышқа егуді жоспарлап отыр.

«Бекет» шаруа қожалығы 400 гектар жердің биыл 120 гектарына су шығарған. Қожалық басшысы Бауыржан Ғұбайдуллин: -Биылғы науқанға дайындығымыз жақсы, техкикаларымыз жаңа, көктемде екі МТЗ-80 тракторын, бір КТП-4 сатып алдым, барлығы 4 трактор жұмыс жасап жатыр.Шамамен екі мың руллон аламыз деп жоспарлап отырмыз,-дейді шаруагер.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов:

- Жоспарланған мал азығының өз өңірімізден 40 пайызы дайындалады. Биыл науқанға жиырмадан астам бригада жұмылдырылған. Дәл қазіргі уақытта лимандық алқаптар мен теңіз жағалауынан шөп шабу жұмыстары жүргізілуде. Ал құм өңірінен күз айларында бастау жоспарланған. Биыл ауданымызда жылдағыға қарағанда жайылымдық жерлерде шөптің шығуы жақсы. Ауылдық округ әкімдіктері арқылы шөп шауып жатқан шаругерлермен меморандум жасақталып, бағаны негізсіз көтермеу, жеке тұрғындарды да мал азығымен қамту жұмыстары жүргізілуде,-деді.

Қазіргі таңда сырттан тасымалданатын шөптің бағасы бір рулоны 9000-12000 , теңіз жағалауынан дайындалған шөп шабындық басынан 3500 – 4500, ал елді мекендерге жеткізіп беру жол қашықтығына байланысты 5000-8500 теңге аралығында сатылуда.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521