Ата Заң мерекесі тек ресми жиындармен ғана емес, спорт алаңындағы тартысты ойындармен де айшықталды. Конституция күні Жанбай ауылындағы спорт кешенінде өткен «QYZMET CUP» волейбол турнирі мемлекеттік қызметшілердің де, қарапайым еңбек ұжымдарының да белсенділігін танытып, мерекенің шырайын аша түсті. Қызмет бабында елге тірек болып жүрген мемлекеттік қызметшілер спорт алаңында да ұйымшылдығы мен жігерін танытты.
Жарысқа ауданың мекемелерінен құралған жеті команда қатысып, спорт алаңында өзара бақ сынасты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали мерекенің мән-маңызына тоқталып,қатысушыларға сәттілік тіледі.
Содан кейін спорттық алаңда тартысты ойын басталып кетті. Әр команда жеңіске деген жігерін танытып, бір-біріне дес бермеуге тырысты. Қарсы шабуылдар мен тосқауылдар, биікке қарғыған қимылдар жанкүйерлерді еліктіріп, әрбір соққы сайын «Бәрекелді!» деген қуанышты үндер естіліп тұрды.
Финалдық ойында Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жастары ерекше көзге түсіп, шеберліктерін айқын көрсетті. Қарсыластарына мықты ойын өрнегін танытқан олар турнирдің бірінші орнын жеңіп алды. Екінші орынға «Жайықмұнайгаз» командасы тұрақтаса, ұстаздардан құралған команда жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл жарыс мерекенің сәнін ғана келтіріп қойған жоқ, аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, достық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Турнир барысында жекелеген ойыншылардың да мерейі үстем болды. «Үздік шабуылшы» атағын Жанбай БЖСМ ойыншысы Нұрғали Көбегенұлы, «Үздік жалғаушы» атағын ұстаздар командасынан Нұртілеу Жайнатұлы, ал «Үздік қорғаушы» номинациясын «Жайықмұнайгаз» сапындағы Азамат Каукенов жеңіп алды. Әрбір жүлдегерге бағалы сыйлықтар табысталып, алаң іші қуанышқа бөленді.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА